Ғылымға қаржы бөлген бизнеске салықтық жеңілдік беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ғылыми зерттеулерге қаржы бөлетін бизнес өкілдеріне салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Ғылымға бағытталған шығын көлеміне қарай кәсіпорындар салықтық преференция ала алады. Бұл туралы Әділет партиясының өкілі, депутат Лаура Қарабасова Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

ғылым, ғалым
Фото: Kazinform/ЖИ

Депутаттың айтуынша, қазір отандық ғылымды дамытуда мемлекетпен қатар бизнес қауымдастықтың да белсенді қатысуы маңызды. Өйткені еліміздегі ғылыми зерттеулердің 80 пайыздан астамы мемлекеттік қаражат есебінен жүргізіледі. Ал кәсіпорындар зерттеуге қаржы құйса, оның нәтижесіне де мүдделі болмақ.

— Қаржы салған жерде сұрау да болады. Бизнес қауымдастық өз қаражатын бағыттаса, ғылыми ортаға нақты міндеттер қойып, зерттеу нәтижесін де бақылауға тиіс. Бұл — алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі, — деді Лаура Қарабасова.

Лаура Қарабасова
Фото: Видеодан скрин

Оның айтуынша, бизнеске ғылымды қолдауға ынта беретін тетіктердің бірі — салықтық преференциялар. Қолданыстағы заңнамада кәсіпорындардың ғылыми зерттеулерге жұмсаған шығынына байланысты жеңілдіктер қарастырылған. Депутаттың түсіндіруінше, мұндай шығын салықтық есепте 300 есе көбейтіліп ескерілуі мүмкін.

Қарабасова бизнестің ғылымға қаржы бөлуіне кедергі келтіретін тағы бір мәселені атады. Оның пікірінше, кәсіпорындардың бір бөлігі отандық университеттерде қандай ғылыми мектептер мен зертханалар бар екенін, ғалымдардың әлеуетін толық біле бермейді. Сондықтан ғылыми ұйымдар мен өндіріс орындарының арасындағы байланысты күшейту қажет.

Депутаттың өзі Ақтөбеде университетте жұмыс істеген кезде кәсіпорындарды аралап, жергілікті бизнес өкілдеріне ғалымдар мен зертханалардың мүмкіндігін таныстырғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай кездесулер ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қалыптастыруға жасалған алғашқы қадамдардың бірі болған.

Ғылымның нәтижесі экономикаға жетуі керек

Лаура Қарабасова ғылыми экожүйені дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, ғылымның дамуы тек мемлекет пен университеттің жұмысына тәуелді болмауы керек. Бұл үдеріске салалық министрліктер, бизнес, ғылыми қауымдастық және қоғам да атсалысуы қажет.

Мәселен энергетика, ауыл шаруашылығы немесе денсаулық сақтау салаларындағы мәселелерді шешу үшін тиісті министрліктер ғалымдардың алдына зерттеу міндеттерін қоюы керек. Сонда ғылыми жобалар өндіріс пен әлеуметтік саланың сұранысына сай әзірленеді.

— Ғылымнан үлкен нәтиже, экономикалық және әлеуметтік әсер күтеміз. Ол үшін экожүйенің әрбір қатысушысы өз міндетін сапалы атқаруы керек. Мысалы энергетика саласында қандай зерттеу қажет, ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні пайдалану бойынша қандай міндеттер бар, денсаулық сақтау саласына қандай ғылыми ізденістер керек? Мұны ең алдымен салалық министрліктер айқындауға тиіс, — деді депутат.

ғылым
Фото: Ғылым комитеті

Ол университеттердегі ғылыми жұмыстың академиялық орта шеңберінде ғана қалып қоймауы керектігін де атап өтті. Бұрын кейбір жоғары оқу орындарында зерттеулер тұйық академиялық жүйеде жүргізілген. Енді ғылыми зертханалар мен олардың жұмысының нәтижесі қоғамға, бизнеске және басқа да мүдделі тараптарға ашық болуы қажет.

Ғалымдар қаржыны күтіп уақыт жоғалтпауы керек

Депутат ғылыми жобаларды қаржыландырудың кешігу мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, ғылыми жобаларға үш жылға қаржы бөлінгенімен, конкурс пен қаражат аудару мерзімінің созылуы зерттеушілердің жұмыс уақытын қысқартып отыр.

Мысалы конкурс жылдың басында жариялануы керек болса да, кейде тамызға дейін кешігеді. Ал қаражаттың өзі қараша айында ғана түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда ғылыми топты, зертхана қызметкерлерін және лаборанттарды ұстап тұру қиындайды.

Қаржы нарығында жаңа бақылау жүйесі іске қосылады
Коллаж: Kazinform\Canva

— Үш жыл формалды түрде берілгенімен, ғалымдар ғылыми жұмысты іс жүзінде екі жарым, кейде екі жыл ішінде орындауға мәжбүр болады. Өйткені конкурс жариялау мен қаржыны аудару кешігеді. Ғалымдар қаржының нақты қай уақытта түсетінін білуі керек. Ғылыми топтың жұмысын тоқтатпай, мамандарды ұстап қалу үшін қаржыландыру тұрақты әрі жүйелі болуы қажет, — деді Лаура Қарабасова.

Депутаттың мәліметінше, 2026 жылғы 24 маусымда осы мәселеге қатысты жаңа норма қабылданған. Бұған дейін ғылыми жобаға бөлінген қаражат кеш түссе де, оның орындалу мерзімі бастапқы күнтізбелік жоспарға сай қысқаратын. Енді келісімшартқа қол қойылған күннен бастап есептеу тәртібі енгізілген.

Құрылтайда ғылымға арналған жеке комитет құрылды

Лаура Қарабасова биыл Құрылтайда алғаш рет Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті құрылғанын да атап өтті. Комитет ғылым, жоғары білім, адами капитал, инновациялар және экономиканың түрлі салаларын цифрландыру мәселелерін қарайды.

Оның айтуынша, жаңа комитеттің жұмысы ғылым саласындағы заңнамалық өзгерістерді пысықтаумен ғана шектелмейді. Қабылданған нормалардың орындалуына да парламенттік бақылау жүргізіледі.

Депутат бұл қызметке университет ректоры ретінде жинаған тәжірибесін ала келгенін айтты. Бұған дейін өңірдегі жоғары оқу орнын басқарған ол енді бірнеше университет пен тұтас жоғары білім жүйесінің дамуына ықпал етуге мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін, қазақстандықтар ғылыми тағылымдамаға 13 қарашаға дейін өтініш бере алатынын хабарлаған едік.