Ғылымға үш жылда 730,6 миллиард теңге бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2024–2026 жылдары ғылым саласын қаржыландыруға 730,6 миллиард теңге бөлінген.
Бұл туралы ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат Астанада өтіп жатқан «Орталық Азия елдерін тұрақты дамытуға арналған ғылым, деректер және болжау» халықаралық конференциясында айтты.
— Мемлекет ғылым саласына жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. 2024–2026 жылдарға ғылымды қаржыландыруға 730,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Оның алғашқы нәтижелерін де байқап отырмыз, — деді Бақытжан Темірболат.
Сонымен бірге ол Халықаралық валюта қорының жасанды интеллектке дайындық индексінде Қазақстан 0,55 көрсеткішпен әлемдегі үздік 50 елдің қатарына енгенін атап өтті.
— Бұл дамушы нарығы бар мемлекеттердің орташа көрсеткішінен жоғары, — деді мекеме директоры.
Сонымен қоса, Бақытжан Темірболат климаттың өзгеруі, энергетикалық дағдарыс пен ресурстар тапшылығы сияқты жаһандық мәселелерді шешуде ғылым мен инновацияның маңызы артып келе жатқанын да тілге тиек етті.
— Қазіргі кезеңде жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні терең меңгерген елдер ғана дамып жатыр. Сондықтан ғылым мен білімді дамыту Қазақстанның стратегиялық бағытының маңызды бөлігіне айналып отыр, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін осы жиында Құрылтай депутаты ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімін қазіргі 3 жылдан 5–10 жылға дейін ұзартуды ұсынған еді.