Ғылыми тағылымдама гранттарын бөлуде инженерлік-технологиялық бағыттарға басымдық берілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Ядролық энергетика саласындағы мамандарды даярлауға ерекше назар аударылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

электричество инженер электроқуат
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

«Оқу-ағарту министрлігі 1 желтоқсанға дейін Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді реформалау жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеп, бекітуі қажет. Осы жылдың соңына дейін халықтың табысын ескере отырып, мектепке дейінгі білім беруге арналған жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу үшін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар жобасын әзірлесін», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен, әкімдіктермен бірлесіп, қаржыландыру көздерін айқындап, 1 желтоқсанға дейін Орта білім беру объектілеріне күрделі жөндеу жүргізу жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жоспарды бекітуі қажет.

Мәдениет және ақпарат министрлігі осы жылдың соңына дейін инженерлер, геологтер, көлік, аграрлық және су салаларының жұмыскерлері, сондай-ақ ғалымдар мен басқа да мамандықтардың өкілдері үшін құрметті атақтарды қосу бөлігінде «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңға өзгерістер әзірлеп, енгізуі керек.

«Ғылым министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, ғылыми тағылымдамаларға арналған гранттарды бөлу кезінде еліміздің ғылыми-технологиялық даму міндеттерін ескере отырып, инженерлік-технологиялық бағыттардың басымдығын белгілеуі қажет. Сондай-ақ, ядролық энергетика саласындағы мамандарды даярлауға ерекше назар аударылуға тиіс», - деді Олжас Бектенов.