Ғылыми зерттеулерге бөлінген қаражат депозиттерге орналастырылған - ЖАП

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылыми зерттеулерге және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған қаражат толық ғылымға бағытталмайды. Бұл туралы Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

Новые ставки по валютным депозитам могут появиться в Казахстане до конца октября
Фото: Kazinform/ИИ

- Ғылыми зерттеулерге және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын 1 пайыздық тетік қолданбалы ғылымның толыққанды құралы бола алмай отыр. Салалық министрліктер іс жүзінде қолданбалы зерттеулерге тапсырыс беруші емес, жер қойнауын пайдаланушылардың есептерін тіркеуші рөлін атқарды. Міндеттемелердің орындалуы тиісті деңгейде бақыланбады, - деді палата төрағасы.

Әлихан Смайыловтың дерегінше, 147 келісімшарт бойынша 9 млрд теңгеге жуық берешек анықталды. Оның 3 млрд теңгесі талап қою мерзімінің өтуіне байланысты бюджетке түспейді. 4,5 млрд теңгенің міндеттемені орындамауға қатысты 45 хабарламасы бойынша талап-арыз жұмыстары жүргізілмеген. Ғылыми зерттеулерге және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған қаражат іс жүзінде толық көлемде ғылымға бағытталмаған.

- Мысалы, Астана Хабта 43 млрд теңге түсімнің 23 млрд теңгесі бағалы қағаздарды сатып алуға жұмсалған. “Самғау” 15 млрд теңгенің 10 млрд теңгесі депозиттер мен РЕПО операцияларына орналастырылған. Осы операторлардың аталған қаржылық операциялардан түскен табысы 14 млрд теңгеден асты. Бұл ретте ғылыми жобаларды бастау мерзімі 215 күнге дейін, ал кейбір жағдайларда 2,5 жылға дейін созылғандығын атап өткен жөн. Нәтижесінде ғылыми зерттеудің 1 пайыз тетігі жеткілікті деңгейде сараптама, есепке алу, мониторинг жасалмай, расталған ғылыми нәтижесіз, шашыраңқы жұмыс істейді, - деді ол.

Айта кетейік, коммерцияландырудың қолданыстағы моделі ғылыми нәтиженің тұрақты өнімге айналуын қамтамасыз етпей отыр.