2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Ғылымнан өндіріске: Қазақстан ғалымдарының іске асқан 5 жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ғалымдарының ғылыми әзірлемелері біртіндеп зертханадан өндіріс пен нарыққа жол тауып келеді. Олардың қатарында ванадий аккумуляторы, бидай сұрпы, ветеринариялық вакцина бар.

астық
Фото: freepik.com

Ғылым және жоғары білім министрлігі агенттіктің ресми сауалына берген жауабында «Ғылым қоры» АҚ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған жобаларды гранттық қаржыландырып, олардың өндіріске енгізілуіне қолдау көрсететіндігін атап өтті. Сонымен қатар Қордың қолдауымен жүзеге асқан бірнеше жоба нақты өнімге айналғанын мысалға келтірді.

Ванадий аккумуляторларына арналған технология әзірленді

Қызылорда облысында ванадий ағынды аккумуляторларына қажетті электролитті өндіруге арналған ванадийдің аралас оксидтерін алу технологиясы енгізілді. Жоба аясында әзірленген құрғақ ванадий электролиті ағынды аккумуляторларды пайдалану кезінде сұйық электролитті тасымалдау қажеттілігін жояды. Электролитті аккумулятор пайдаланылатын жерде дайындауға болады.

Отандық ванадий шикізаты мен электролит өндіру технологиясы бәсекеге қабілетті ванадий аккумуляторларын шығаруға мүмкіндік береді. Компания әлемдегі ірі ванадий аккумуляторларын өндірушілермен, оның ішінде VRB және Invinity компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Сонымен қатар ванадий пентоксидін Австрия мен Ресейге экспорттау жолға қойылған.

Шаруаларға ұсынылған жаңа бидай сұрпы

Солтүстік Қазақстан облысында «Семёновна» жаздық жұмсақ бидайының жаңа сорты нарыққа шығарылды. Ғылыми әзірлемені Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы жасап, коммерцияландырған.

Жаңа сорт қоршаған ортаның қолайсыз факторларына бейімделген. Ол құрғақшылыққа, жоғары температураға және масақтың жатып қалуына төзімді. Вегетациялық кезеңі 82-85 тәулікті құрайды. Жаңа сортты өндіріске енгізу нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруашылықтарда сорт алмастыру жүргізіліп, бидай егістігінің өнімділігі артқан.

Өсімдіктерді қорғауға арналған препарат

Степногорск қаласында өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштардың тиімділігін арттыруға арналған отандық «БиоЛип» биопрепараты коммерцияландырылды.

«EcoSave» ЖШС әзірлеген өнім табиғи полимерлер негізіндегі жабысқақ қасиеті бар препарат. Ол өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштардың жапырақ бетіне жақсы бекітілуіне және сіңуіне ықпал етеді. Өсімдіктерді қорғаудың негізгі әдістерінің бірі — оларға пестицидтер мен басқа да препараттарды бүрку. Қалыпты тәжірибеде өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштардың басым бөлігі жапырақтар мен сабақтар бойымен ағып, топыраққа сіңіп кетеді. Аталған препарат өсімдіктерді қорғау құралдары мен жапырақтан қоректендірудің жапырақ бетімен жанасу ауданын ұлғайтады. Демек, жұмыс ерітінділері компоненттерінің (пестицидтер мен тыңайтқыштардың) әсер ету тиімділігін айтарлықтай арттырады. Осылайша, «БиоЛип» өңдеу тиімділігін жоғалтпай, агрохимикаттардың ұсынылған ең аз дозаларын пайдалануға мүмкіндік береді. Сол арқылы агрохимикаттарды сатып алу шығындарын азайтады.

Бұл ретте атап өтетін жайт, қазіргі уақытта Қазақстан нарығындағы барлық жабысқақ препараттар шетелден импортталады. Сондықтан жаңа, әрі қолжетімдірек отандық өнімге сұраныс жоғары және бүгінгі таңда жаңа «БиоЛип» препаратын сатудан түскен сома бөлінген грант көлемінен асып түсті.

Бруцеллезге қарсы отандық вакциналар өндіріле бастады

Алматы облысында ауыл шаруашылығы жануарларының бруцеллезіне қарсы «BRUVAC®» және «BRUCON®» вакциналарын GMP халықаралық стандарттарына сәйкес өнеркәсіптік өндіру жолға қойылды.

Жоба «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны базасында жүзеге асырылған. Кәсіпорын ветеринариялық иммунобиологиялық препараттар, вакциналар және диагностикалық тест-жүйелер әзірлеп өндірумен айналысады.

Жоба аясында қойлар мен ешкілердің бруцеллезіне қарсы «BRUVAC®», сондай-ақ ірі қара малдың бруцеллезіне қарсы «BRUCON®» вакциналарын өндіру және сату ұйымдастырылды. Вакциналар конъюнктивальді әдіспен қолдануға арналған. 

Айта кетерлігі, тері астына иммунизациялау арқылы бруцеллездің алдын алу әдісін Халықаралық эпизоотиялық бюро мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы қолдамайды. Себебі бұл вакцинациядан кейінгі антиденелердің ұзақ сақталуына әкеліп, ауру жануарларды вакцинацияланғандардан ажыратуды қиындатады. Вакцинацияның конъюнктивальді әдісі вакцинациядан кейінгі серологиялық реакциялардың қарқындылығы мен ұзақтығын айтарлықтай төмендетеді. Бұл вакцинаны пайдалану Халықаралық эпизоотиялық бюро ұсынған бруцеллезге қарсы күрес бағдарламасымен үйлеседі. 

Жылқыға арналған отандық ветеринариялық препарат 

Алматы қаласында жылқы паразиттеріне қарсы «Ивергель» препараты әзірленіп, оның өндірісі ұйымдастырылды. «БиоВет ҒӨО» ЖШС шығарған препарат ауыз арқылы қолданылатын гель түрінде ұсынылған. Ол жылқылардағы асқазан-ішек және өкпе нематодтары, сондай-ақ басқа да паразиттерден туындайтын ауруларды емдеу және алдын алу үшін қолданылады. Препарат ағзаны паразиттерден тазартады. Бұл тамақ қауіпсіздігі стандарттарының талаптарына жауап беретін мал шаруашылығы өнімдерін алуға, сондай-ақ жылқылардың денсаулығын сақтауға ықпал етеді. Мұнан бөлек, жылқы басының көбеюіне жол ашады.

«Ивергель» препаратын өндіру шетелден әкелінетін ветеринариялық препараттарға айтарлықтай бәсекелестік тудырды. Сол арқылы импорт көлемін төмендетуге және еліміздің экономикалық тәуелсіздігі мен биологиялық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.