Ғылымның нәтижелері формалды көрсеткіштермен бағаланады – Жоғары аудиторлық палата
АСТАНА. KAZINFORM – Бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың 18 жобасы бойынша 56 патент жобаларды іске асыруға қатыспаған ұйымдарға тиесілі болған. Бұл туралы Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
- Ғылымның нәтижелері формалды көрсеткіштермен бағаланады. Жобалардың нәтижелілігі көбінесе басылымдар, қорғау құжаттары және енгізу актілері негізінде расталады. Бірақ бұл көрсеткіштер нәтиженің жаңашылдығын, құқық иелігін және іс жүзінде қолданылуын әрдайым дәлелдей бермейді. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары бойынша 4000-ға жуық қорғау құжаттары қабылданды, - деді ол.
Палата төрағасының мәліметінше, өнертабысқа берілетін патенттер шамамен 10 пайызды, Еуразиялық және халықаралық патенттер 1 пайызды ғана құрайды. Сонымен қатар 72 миллиард теңгені құрайтын 164 жоба бойынша патент алуға 336 өтінім нәтиже ретінде қабылданған.
- Алайда өтінім патент алуды білдірмейді. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың 18 жобасы бойынша 56 патент жобаларды іске асыруға қатыспаған ұйымдарға тиесілі екендігі анықталды. Енгізу актілері де нәтижені әрдайым растай бермейді. 59 миллиард теңгені құрайтын 434 жоба бойынша 1 200-ден астам енгізу актісі ұсынылған. Оның жартысы білім беру процесіне қатысты. Бірақ, мұндай енгізу технологиялық, өндірістік немесе өзге де қолданбалы нәтижеге қол жеткізуді растамайды, - деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін 2025 жылғы ғылыми жобаларға арналған конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланғанын жазған едік.