Гималай, бізді күт: Эвереске үш рет шыққан Мақсұт Жұмаев Қазақстан альпинистерінің жоспары туралы

Мақсұт Жұмаев
Фото: Мақсұт Жұмаевтың Instagram парақшасынан алынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Шыңды бағындыру – физикалық және психикалық тұрғыдан қиын шаруа. Көтерілу қандай жинақылық пен батылдықты талап етсе, шыңнан түсу де дәл сондай табандылықты талап етеді. Бұл туралы Кazinform агенттігінің тілшісіне әлемдегі 14 сегіз мыңдықтың барлығын бағындырған аты аңызға айналған қазақ альпинисті Мақсұт Жұмаев айтты.

Айтуынша, ғаламшарда Эверест шыңына ұқсайтын тау жоқ. 

«Эверест қателіктерді кешірмейді. Онда өмір мен өлім алдында тұрасың. Жаман ойларға жол бермеуге тырысқанмен, бойыңдағы алаңдаушылық пен қорқыныштан арыла алмайсың. Жағдайды көбіне ауа райы шешеді. Мұнда жыл сайын альпинистер мен туристер өледі. Эверест шыңында жалғыз бәсекелестік – қарлы боран, аяз. Эверестті бағындыруға шыққан барлық альпинист құдіретті Жаратушыдан ауа райының ашық, желсіз болуын тілейді»,- дейді ол.

Мақсұт Жұмаев
Фото: Мақсұт Жұмаевтың Instagram парақшасынан алынды

Мақсұт Жұмаев бұл экспедицияны Рахымжан Қошқарбаев пен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арнағандарын атап өтті.

«Біз экспедициямызды Қазақстанның біртуар батырлары – Қазақстан Республикасының бірінші қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев пен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арнадық. Шыңда біз екі туды да көтердік – еліміздің туы және Рахымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туын. Мені алғашқы жорықтарыма дайындаған ұстазым әрі тәлімгерім Ерванд Тихонович Ильинскийді әрдайым еске аламын, ол әрқашан тәрбиеленушілеріне жанашыр, бірақ талапшыл болатын. Бұл жорықта мен Анар мен Альмирден бір сәтке де күмәнданбадым және менің мансабымдағы ең биік шыңға үшінші көтерілуімде еліміздің туларын олармен бірге Эверест шыңында желбіреткенімізге қуаныштымын», – дейді қазақстандық альпинист.

Мақсұт Жұмаев
Фото: Мақсұт Жұмаевтың Instagram парақшасынан алынды

Сондай-ақ, ол Эверест шыңын бағындырған тұңғыш қазақ қызы- Анар Бурашеваның қайсарлығына тоқталды.

«Анар Маратқызы Бурашева өзінің ұстанымымен, қайсарлығымен барша қазақстандықтарға батырлардың арамызда жүргенін үлгі етті. Бұл жастардың алға қойған мақсаттарына жетуіне үлкен мотивация. Ол үшін және экспедицияның барлық басқа мүшесі үшін бұл қиын міндет болды, олар оны абыроймен атқарды. Нағыз батырлар. Анар Бурашева мен Альмир Қымбатбайұлына барлық құрмет пен мадаққа лайық. Эверест шыңына шыққан сайын әртүрлі жағдайға тап боласың. Бұл жолы да қайғылы оқиғалардың куәсі болдық. Өкінішке орай, ешкім де бұдан қорғалмаған»,- деді «Kazakh Everest Team» ұлттық-патриоттық экспедициясының жетекшісі. 

Мақсұт Жұмаев алдағы жоспарларымен де бөлісті.

«Алда үлкен жоспарлар бар. Біз Ұлттық Олимпиада комитетімен белсенді ынтымақтастықтамыз. Олимпиада кезінде спортшыларымызға қолдау көрсету үшін Монблан шыңына (Францияның ең биік тауы) көтерілетін шығармыз. Бұл орайда Қазақстан ҰОК басшысы Геннадий Головкин бізді қолдайды деп ойлаймын. Қыркүйек айында елімізде дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында кешенді жарыстар өтеді. Алдағы күзде біз өрлеуді осы ауқымды шараға арнайтынымызды жоққа шығармаймын. Мен сегіз мыңға көтерілуді ұйымдастыруға тырысамын. Экспедиция оттегісіз классикалық стильде өтеді. Гималай, бізді күт, біз жақын арада боламыз. Әлбетте, кейбір қабілетті жігіттер бізбен бірге барады. Жалпы, осы жолы Анар Бурашеваның гид қызметін атқарғанын қалаймын. Оның тәжірибесі бар. Сондықтан мансабты аяқтау туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Тауға ғашық болған адам, таусыз өмір сүре алмайды»,- дейді ол.

Мақсұт Жұмаев
Фото: Мақсұт Жұмаевтың Instagram парақшасынан алынды

Сөз соңында Мақсұт Жұмаев, шыңды бағындыру – физикалық және психикалық тұрғыдан қиын шаруа. Көтерілу қандай жинақылық пен батылдықты талап етсе, шыңнан түсу де дәл сондай табандылықты талап ететінін жеткізді.

Бұған дейін Эвересті бағындырған қазақстандық альпинистерге пәтер берілгені туралы жазған едік

Еске салайық, қазақстандық альпинистер елге 20 мамырда оралған болатын

Сондай-ақ қазақ қызы тұңғыш рет Эверест шыңына шыққаны туралы жазған болатынбыз

Мақсұт Жұмаев
Фото: Мақсұт Жұмаевтың Instagram парақшасынан алынды

 

Соңғы жаңалықтар