Ғимараттарды ашық автотұрақтармен қамтудың бірыңғай нормалары қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық қолданыстағы ғимараттарды ашық автокөлiк тұрақтарымен қамтамасыз етудің бірыңғай нормалары әзiрленсе игі. Бүгін Мәжiлiстiң жалпы отырысында депутат Талғат Ерғалиев Ұлттық экономика министрi Ерболат Досаевтың атына жолдаған сауалында осы мәселені көтерді.
Депутаттың айтуынша, ашық автотұрақ мәселесi қазақстандықтар үшiн, соның ішінде Астана мен Алматы қалаларында өзекті болып табылады. Ал Ішкі істер министрлігінің деректерiне сәйкес, соңғы 11 жылда республика аумағында тiркелген автокөлiктер саны 3 еседен астам өскен. Астанадағы автокөлiктер паркi 5 еселенген. Осылай бола тұра, еліміздегі қалалардың басым бөлiгiндегі автотұрақтар Кеңес одағы кезiнде салынған.
«Астана, Алматы және республиканың басқа қалаларында ашық автотұрақ орындарының жетiспеушiлiгi әкiмшiлiк, iскерлік, сауда орталықтарында, сондай-ақ мемлекеттiк мекемелер, мектептер, балабақшалар, ұлттық компаниялар кеңселерiнiң жанында әсiресе өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты қоғамдық қолданыстағы ғимараттарды ашық автокөлiк тұрақтарымен қамтамасыз ету нормаларын қабылдауды ұсынамыз», - дедi депутат.