Ғимараттардың энергетикалық тиімділігін арттыру үшін биыл 400-ден астам әлеуметтік нысандарға энергетикалық аудит жүргізіледі

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Ғимараттардың энергетикалық тиімділігін арттыру үшін ағымдағы жыл бойы әлеуметтік салаға қарасты 400-ден астам тұрғын үй ғимараттарына энергетикалық аудит жүргізіледі.

Ғимараттардың энергетикалық тиімділігін арттыру үшін биыл 400-ден астам әлеуметтік нысандарға энергетикалық аудит жүргізіледі

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.

«Жылумен жабдықтау саласында негізгі күш инженерлік желілердің техникалық жай-күйіне бағалау жүргізуге, ғимараттарға энергетикалық аудит жүргізуге және жылуды тұтыну режімін реттеуге бағытталады. Осыған орай, биыл Қостанай, Орал, Талдықорған, Қызылорда, Тараз, Қарағанды қалаларындағы жылу желілеріне техникалық тексеріс жүргізу көзделіп отыр. Бұндай тексерулердің нәтижелері инвестициялардың негіздемесі және әкімдіктер ұсынған жобаларды кейін іріктеу үшін негіз болады. Бұдан бөлек, ғимараттардың энергетикалық тиімділігін арттыру үшін биылғы жыл бойы әлеуметтік салаға қарасты 400-ден аса тұрғын үй ғимараттарына энергетикалық аудит жүргізіледі. Оның ішінде 144 нысанда сыртқы ауаның температурасына байланысты жылуды тұтынуды реттеу үшін автоматтандырылған жылу пункттері орнатылады», - деді С. Нокин. Оның айтуынша, алдағы уақытта ғимараттарды жобалаған және салған кезде есептеу құралдары және жылу энергиясын тұтынуды реттеу бойынша міндетті талаптарды белгілеу шарасына баса мән беріледі.