Гинекология саласының білікті мамандары Шардарада бас қосты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысын, Шардара ауданында «Тиімді перинаталды технологиялар» атты республикалық ғылыми - тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гинекология саласының білікті мамандары Шардарада бас қосты

Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлік Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен басқосуға Нұр - Сұлтан, Алматы, Қызылорда қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 100- ге жуық гинекология саласының білікті маманы қатысты

Семинар барысында Денсаулық сақтау министрлігінің «Ана мен бала денсаулығын сақтау» басқармасының бас сарапшысы Жанар Садуова мен Алматы қаласындағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мирзахметова бастаған топ дәрігерлерімен бірлесіп ана мен нәрестелердің дансаулығын нығайту, олардың арасында өлім-жітімді азайту мәселелерін сөз етті. Осы мақсатта тиімді перинаталды технологияларды енгізуге қолдау көрсету мен жүкті әйелдерге антенаталды көмек беру бағытында тәжірибе алмасты.

Жиында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған халықаралық технологиялардың дәлелді медицинасына негізделген тиімді перинаталды күтім, сәбидің туа біткен кемістіктерін уақытылы анықтау үшін генетикалық және ультрадыбыстық скрининг жасау секілді маңызды мәселелер ортаға салынды.

«Республикалық жиынның нәтижесі барлығымыз үшін тиімді болары сөзсіз. Жоғары деңгейлі медицина ұйымдары мамандарының шалғайдағы Шардара ауданында бас қосып, осы жерде білімін жетілдіруі осыған дейін болмаған жайт. Біз үшін бұл қуанышты сәт, мақтанарлық жағдай. Дәл осы Шардара ауданында соңғы 4 жылда бірде бір ана өлімі болмаған. Бұл біздің мамандардың үлкен жетістігі»,- деді Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Айта кетейік, аталған өңірде жыл сайын 50 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Бұл еліміздегі жалпы көрсеткіштің бестен бір бөлігін құрайды. Ал, ана мен сәби денсаулығы еліміздің демографиялық, экономикалық, еңбек, әлеуметтік, мәдени және қорғаныс әлеуетінің негізін қалыптастырады. Сондықтан да, ана мен бала денсаулығын қорғау - республикадағы денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі саналады.