Гиннесс кітабына жеті рет енген желаяқ Атыраудағы марафонға қатысады

Тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырған бұқаралық жүгіру марафонына 2 мың атыраулық қатысуға ниет білдірген. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұйымдастырушылар комитетінің өкілі, бас төреші Юрий Пономарев мәлім етті.
Спикердің айтуынша, марафонға қатысушылар екі қашықтық бойынша жүгіреді.
«10 шақырым қашықтыққа дейін жүгіру «Атырау» халықаралық әуежайынан бастау алады. 21 шақырымға жүгіру «Мұнайшы» стадионынан басталады. Марафонға қатысушылармен бірге полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері, арнайы автобус та шығады. Сонымен қатар, жолдар бойына су тарататын стационарлы пункттер мен медициналық бекеттер орналастырылады», - деп атап өтті бас төреші Юрий Пономарев.
Айта кету керек, марафонға қатысамын деушілерді тіркеу әлі де жалғасуда. Бүгінге дейін тіркелген ең егде марафоншының жасы 74-те.
Ауқымды спорт мерекесін қолдау мақсатында Атырауға Гиннесс рекордтар кітабына жеті рет енген әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина және эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас арнайы келеді.
6 мамыр күні облыс орталығындағы «Мұнайшы» стадионында Қайрат Нұртастың концерті өтеді.
Баян Жанұзақова