«Гиннесстің рекордтар кітабына енген көйлек үлгілері» - баспасөзге шолу
***
«Жақында Зайсан ауданының Біржан ауылына барғанымызда көрші Қытайдың Алтай аймағынан төркіндеп келіп жатқан Фазила Қабдрахманова деген шебер жайлы естідік. Мұның алдында ғаламтордан және «Таңшолпан» бағдарламасынан Фазиланың тіккен көйлектері Гиннесстер рекордтар кітабына енгені жайлы хабарды көзіміз шалып қалған. Шебердің «Ең биік», «Ең үлкен батыр», «Ең мейірбан ана», «Қазақтың аруы» атты биіктігі 4,5 метрлік, сан түске малынған әсем көйлектері әділ қазылар алқасын таңғалдырыпты. Енді, міне, Гиннесстің рекордтар кітабына өнімдері енген қандасымызбен әңгімелесіп отырмыз», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Гиннесстің рекордтар кітабына енген көйлек үлгілері» атты мақаласында.
- Қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін, кесте тігумен осыдан жарты ғасыр бұрын шұғылдана бастадым. Ол ана сүтімен келген. Анамыз да шебер. 25 жыл бұрын Алтай қаласында «Ақжол» атты ұлттық киімдер тігетін зауытты аштық. Онда негізінен қазақ қыздары еңбек етеді. Кәсіпорында киіз үй жабдықтары, саяхат жасауға арналған спорттық киімдер, ұлттық дәстүрді әйгілейтін көрпе-жастықтар тігіледі. Сонымен бірге, сапалы тігу машиналарын қажет ететіндерге сатамыз. Бізге Қытайдың барлық аймақтарынан тапсырыс жиі түседі. Шаңырақ көтеріп жатқан жастар үйлену тойына арналған киімге тапсырыс береді, оларды сапалы етіп орындаймыз. Сонымен бірге, кестеден киім тігуді әдетке айналдырдық. 2013 жылы маған Шыңжанда «Қолөнер мамандығының шебері» деген атақ берілді, - дейді Фазила Қабдрахманова.
Бас басылымда «Қазақстан павильонының миллионыншы қонағы» деген материал басылды. Өткен сенбі күні Миланда өтіп жатқан Бүкіләлемдік ЕХРО-2015 көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны миллионыншы қонағын күтіп алды. Ол - Италияның байырғы тұрғыны 57 жастағы Даниель Берго атты азамат. Даниель Берго өз елінде бағдарламалық консультант болып қызмет істейді.
Қазақстан Республикасының ұлттық секциясының бас комиссары Әнуарбек Мусин Бүкіләлемдік «Expo Milano-2015» көрмесіндегі Қазақстан павильонын миллионыншы болып көруге келген Даниель Бергоны салтанатты түрде құттықтап, Қазақстан Республикасына бару үшін 2 адамға арналған сертификатты сыйға тартты. Елімізге барып-келу әуе билетін ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми серіктесі «Эйр Астана» АҚ ұсынды. Осы тур аясында олар Астана, Алматы, Шымкент пен Ақтау қалаларына тегін сапарлайды. Аталған қалаларға саяхаттық турды көрменің ресми серіктесі болып табылатын «Саят Travel», «Круиз», «Almaty City Tours», «Miras travel» пен «Турист» туристік компаниялары жүзеге асыратын болады.
«Әлемді азықтандыру. Өмір энергиясы» деп аталатын «EXPO Milano-2015» көрмесінде Қазақстан павильоны ерекше қызығушылыққа ие. Күніне шамамен 5 мыңнан астам адам тамашалайды. Ол бүкіләлемдік көрмеде ең танымал әрі келушілері көп павильондардың қатарынан табылады. Көрменің ұйымдастыру комитетінің жүргізген халықтық дауыс беру шарасында қазақстандық павильон алдыңғы қатардан табылып отыр.
Қазақстандық павильон 3000 шаршы метр аумағы бар екі қабатты ғимараттан тұрады. Тақырыбы - «Қазақстан - мүмкіндіктер әлемі». Сыртқы пішіні еліміздің ауылшаруашылық мәдениетінің негізі болып табылатын бидай сабағына ұқсатып жасалған. Ішкі мазмұны 6 аумақтан тұрады: ауыл шаруашылығы, жануарлар әлемі, аквамәдениет, экология, жер шаруашылығы және Қазақстан туралы таңғажайып дүниелер.
***
«Айқын» газетінде «Бес мың ғимарат бейімделді» атты материал берілген. Озық дамыған мемлекеттің бір нышаны - кемтар жандарға қол ұшын созып, қамқорлыққа алу. Осы орайда 2014 жылғы 17 қаңтарда өзінің «Қазақстандық жол - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев «Нұр Отанға» мүгедектердің өмір сапасын арттыру бойынша жұмысқа жетекшілік етуді жүктеген болатын.
Содан бері қолға алынған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы қомақты жетістіктерге жетіпті. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлады. «Кедергісіз келешектің» негізгі бағыттарының бірі мүгедектер үшін кедергісіз орта жасау болып табылады. Министрліктің мәліметінше, сол 2014 жылдан бастап Қазақстанда 5 мыңнан астам инфрақұрылым нысандары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайына бейімделді. Былтырғы жылы жоба аясында бүкіл еліміз бойынша ғимараттарға инвентаризация жүргізіліп, оның қорытындысында халық көп баратын 19,7 мың әлеуметтік нысанның мүгедектерге қолжетімсіз екендігі анықталды. Енді міне, олардың қатары бір жыл ішінде 5 мыңға азайған.
Сондай-ақ 2014 жылдан бері осы жандар үшін транспорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары да қолға алынған. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі адамдардың автобустарға, пойызға кіруі қиын. Бұл проблеманы шешу үшін былтырғы жылдан бастап, республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға ағымдағы мақсаттық трансферттер түрінде қаражат бөлінуде.
***
Көне Сауран қаласында жүргізілген қазба жұмыстарының барысында археологтар құнды жәдігерлер тауып алғандығын хабарлады, деп жазады «Экспресс К» газеті. Атап айтқанда, жезден соғылған монеталардан тұратын 25 келілік қазынаны анықталған. Бұрындары облыста көне жәдігердің осындай көлемі табылмаған болатын.
Қазынаны археологтар металл іздейтін құрылғы арқылы анықтады. Тарихшылардың пайымынша, бұл ақша жер астында 300 жылға жуық уақыт жатқан екен. Осы жайында «В Сауране найден клад!» атты материалдан толық оқи аласыздар.