Гиппократ антына адал болу үлкен жауапкершілік жүктейді – төрт буынға жалғасқан дәрігерлік династия өкілі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Дәрігер – үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада абыройлы еңбек етіп, науқастардың алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер династиясы баршылық. Солардың бірі Төлеутаевтар отбасы. Төрт буынға жалғасқан дәрігерлік кәсіпті кардиохирург, кардиолог, онколог, торокалды хирург, педиатр, жалпы тәжірибе дәрігері жалғастырып келеді. Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында, «ҚазАқпарат» тілшісі Төлеутаевтар отбасынан шыққан дәрігер Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жасанды қан айналымы және операциялық блогымен зертханасы бар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, хирургиялық қызметтің басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Рүстем Төлеутаевпен сұхбаттасты.
- Төлеутаевтар отбасында дәрігерлердің төрт буыны бар. Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз?
- Мен дәрігерлер отбасында өстім. Әкем Мұхтар Есенжанұлы Төлеутаев - Астана қаласының бас онкологы, қалалық онкологиялық орталықтың бас дәрігері, хирург. 2021 жылдың желтоқсанында әкеме «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін мақтан тұтамын. Пандемия басталғаннан бері ол инфекциялық төсек-орындарды орналастыруға, шетелден алғашқы пациенттерді қабылдауға, жаңа инфекциялық стационардың жұмысын ұйымдастыруға қатысты. Сонымен қатар, пандемия кезінде Орталықтың онкологиялық блогының жұмысы да бір күнге тоқтаған жоқ. Әкемнің айтуынша, карантин кезінде онкопациенттерге дәрі-дәрмектерді үйге жеткізу де ұйымдастырылған.
Анам - Төлеутаева Гүлнар Қамидоллақызы - жоғары санатты кардиолог дәрігер, туған бауырым Шыңғыс елорданың Ұлттық ғылыми медициналық орталығында торокалды хирург, оның жұбайы Сәуле де - педиатр дәрігер.

Туған әпкелерім мен ағаларым да дәрігерлер: олар Гүлсара, Гүлнара, Мұхтарғазы және Райхан Төлеутаевтар. Олардың балалары, яғни менің немере бауырларым да дәрігер мамандығын таңдаған: Жанар - PhD, иммунолог дәрігер, Айгерім клиникалық фармакологияны таңдады, ол – «Медицина» мамандығы бойынша философия докторы, Айғаным – педиатр, Асхат - отоневролог, Гаухар Астана Медицина университетінің жалпы медицина факультетін бітірді, Әнел – Канададағы университеттің медициналық биологы.
- Жақындарыңыз еліміздің әр қаласында еңбек етіп жүр екен, қаншалықты жиі кездесіп тұрасыз?
- Біз қалағанымыздай жиі емес. Барлығы денсаулық сақтау жүйесінде қызмет жасағандықтан, демалыс және мереке күндері де жұмыста. Бірақ кейде отбасылық мерекелерде - мерейтой, үйлену тойларында басымыз қосылып қалады. Көбінесе, ата-анам тұратын Астанада немесе туып-өскен Семей қаласында жиналамыз. Отбасылық кездесулер әртүрлі ауру мен науқастардың жағдайларын талқылаусыз аяқталмайтынын атап өткім келеді.

- Рүстем Мұхтарұлы, Сіз қай жоғары оқу орнында білім алдыңыз?
- 2006 жылы Новосибирск мемлекеттік медицина университетінің (Ресей) емдеу факультетін, 2007 жылы Новосибирск облыстық клиникалық ауруханасының базасында «Жалпы хирургия» мамандығы бойынша интернатураны үздік бітірдім. 2007 жылдан бастап 2009 жыл аралығында Новосибирсктегі Академик Е.Мешалкин атындағы Қан айналымы патологиясы ҒЗИ базасында «Кардиохирургия» мамандығы бойынша клиникалық ординатурада оқыдым.
- Еңбек жолыңызды қайда бастадыңыз?
- 2009 жылдан бастап 2015 жыл аралығында Академик Е.Мешалкин атындағы қан айналымы патологиясы ҒЗИ-да жаңа хирургиялық технологиялар орталығының жүре пайда болған жүрек ақаулары және биотехнология бөлімшесінде кардиохирург дәрігер болып жұмыс істедім.
2012 жылдан бастап 2013 жыл аралығында International Heart School (Бергамо қаласы, Италия) бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өттім. 2013 жылы Милан университетінде «Кардиохирургия, кардиология және кардиоанестезиология» мамандығы бойынша магистрлік диссертацияны қорғадым.

2015 жылдан бастап 2019 жыл аралығында Алматы қаласында А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиохирургия және жүрек трансплантациясы бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс жасадым.
2019 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінде денсаулық сақтау ұйымындағы МВА бойынша магистратураны бітірдім. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да жұмыс істегеніме төртінші жыл болды.
- Ғылыми жұмысқа көңіл бөлесіз бе?
- Уақыт жете бермейді, дегенмен, көңіл бөлуге тырысамын. 30-дан астам ғылыми еңбектерім, соның ішінде шетелдік журналдардарда да жарияланды. Сонымен қатар, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі конгрестерде, конференцияларда баяндамалар жасап тұрамын.

- Сіз басқарып отырған бөлімшеде қандай операциялар жасалады?
- Бүгінде, біздің клиниканың кардиохирургиялық бөлімшесінде жүрек патологиясы бар пациенттерге жоғары технологиялық медициналық қызметтердің барлық спектрі көрсетіледі және ересек тұрғындарға кардиохирургиялық операциялардың барлық түрлері жасалады.
Бізде жүрек ақаулары, жүректің ишемиялық ауруы және жүрекшелердің фибрилляциясы бір уақытта емделеді. Институттың кардиохирургтарың жүрек қақпақшаларын ауыстыру және пластикалау, туа біткен жүрек ақауларын түзету бойынша кіші инвазивті операциялар жасауда тәжірибелері мол. Қолқа қақпақшасын сақтай немесе ауыстыра отырып, қолқаны ауыстыру бойынша операциялар жүргізіледі. Сол жақ жүрекше құлағын клиптеу арқылы торакоскопиялық радиожиілікті абляция, сондай-ақ жүрекшелер фибрилляциясы бар және тромбоэмболиялық асқынулар мен инсульт қаупі жоғары емделушілерде оқшауланған торакоскопиялық клиптеу жүргізіледі. Жүрек ісіктерінде операциялар стандартты түрде де, кіші инвазивті әдіспен де кеудені тілмей жасалады.

- ҒЗИ-да қандай бірегей операциялар жүргізіледі?
- Жүрек операциясының жарақаттануын азайту мақсатында бір пациентті емдеуде бір уақытта 2 түрлі тәсіл (эндоваскулярлық араласумен бірге ашық хирургия) қолданылған кезде гибридті операциялар жасалады. Жүрек ырғағының бұзылуын бір мезгілде емдеу үшін коронарлық шунттаумен немесе жүрек ақауларын түзетумен бірге ашық жүрекке криоабляция жасалады.
Күрделі жағдайларда қатар жүретін патологиясы бар пациенттерде, стандартты технологияларды қолдану жоғары тәуекелге ұшыраған кезде, жасанды қан айналымының жаңа «жабық контуры» технологиясын пайдалана отырып операциялар жүргізіледі.
Біздің ҒЗИ-да Алматыда алғаш рет екі пациентке жүректің жасанды сол жақ қарыншасы (LVAD) имплантацияланды, ТМД аумағында алғаш рет жүректің қолқа қақпақшасын ауыстыру үшін «Avalus» жаңа биологиялық протезі имплантацияланды.

- Білетінімдей, Сіз жұмыстағы жақсы көрсеткіштеріңіз үшін, 2020 жылы клиниканың үздік маманы атандыңыз. Осы жайлы айтып берсеңіз.
- Иә, жыл сайын біздің институтта үздік дәрігерлер мен үздік мейіргерлер таңдалады. Әрине, үздік атанғаныма қуаныштымын, өйткені мен өз жұмысымды өте жақсы көремін.
Менің ойымша, ата-анадан тек ген, бет-әлпет, интеллектуалдық қабілеттер, отбасылық дәстүрлер ғана емес, сонымен қатар мамандықты да таңдау берілген.
Отбасылық кәсіби әулеттер - білімді, жинақталған тәжірибені, шеберлік құпияларын ұрпақтан-ұрпаққа беру ғана емес, сонымен бірге балалардың ата-аналарының ізімен жүруге шешім қабылдайтын ерекше атмосфера. Әулет - бұл кәсіп емес, мамандық емес, бұл отбасының бедел - абыройы.
Ата-анаң сияқты болу - олардан ең құнды нәрсені алу, сол құндылықтарды әрі қарай дамыту, жетілдіру, көбейту және оны өз балаларына беру – үлкен бақыт.

- Жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саланың маманы ретінде жас медицина қызметкерлеріне қандай кеңес берер едіңіз?
- Кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты меңгеру оңай емес екенін біледі. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында қателесуіне болмайды. Сондықтан дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілін жетік меңгеруі міндетті. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер адам өмірінің арашасы екенгін білуге тиіс. Гиппократ антына адал болу – үлкен жауапкершілік жүктейді.
- Әңгімеңізге рақмет!
