Гоа полициясы Қазақстан азаматының ұсталғанын растады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның Гоа штатының полициясы Қазақстан азаматының ұсталғанын растады. Бұл жайында ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Гоа полициясы Қазақстан азаматының ұсталғанын растады

«Гоа штатының полциясы 22 қараша күні Үндістанға заңсыз келді деген айыппен Қазақстанның 1982 жылы дүниеге келген азаматшасының ұсталғандығын растады. Қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматшамен байланысқа шықты. Ол Алматы қаласының тұрғыны. Үндістанға 2016 жылдың маусым айында транзиттік визамен барып, өз еркімен Гоада қалып қойған. Оның виза мерзімі аталған елге келгеннен кейін бірнеше күннен соң біткен», - деді Әнуар Жайнақов.

Өзінің айтуынша, ол қазіргі уақытта ұсталушы мәртебесінде. Дегенмен, ұстау жағдайына еш шағым айтып отырған жоқ. Қазақстан азаматшасы ірі көлемде айып төлеп елге қайтарылуы немесе 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Қазақстандық дипломаттар азаматшамызға қажетті консульдық көмек көрсетуде. Қазірдің өзінде оның құқығын қорғау үшін адвокат жұмылдырды», - деді ол.