Голан жоталарында қазақстандық саперлер 2 мыңнан астам жарылғыш зат пен оқ-дәріні жойды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның Голан жоталарындағы БҰҰ-ның бөліну аймағын бақылау жөніндегі миссиясы құрамындағы үшінші ұлттық контингентінің инженерлік-саперлік тобы жарылғыш заттарды анықтау, залалсыздандыру және жою жұмыстарын жүргізіп келеді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлгінің баспасөз қызметі.
Бітімгерлік миссияны атқару кезеңінде биылғы мамыр айынан бастап 15-тен астам іс-шара өткізіліп, әскери қызметшілер 350-ден астам жарылғыш затты жойды. Сонымен қатар 1800-ден астам оқ-дәрі де залалсыздандырылды.
-Инженерлік-саперлік топтың кәсіби шеберлігі, іс-қимылдарының үйлесімділігі және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы саперлерге қойылған міндеттерді орындап, жауапкершілік аймағындағы тұрақты жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді,-делінген хабарламада.
Осыған дейін БҰҰ миссиясының қолбасшысы Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлермен кездескен болатын.