Голан жотасына баратын қазақстандық әскерилердің саны артуы мүмкін бе – министрлік жауабы

әскер
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның дербес бітімгерлік контингентінің Парламент бекіткен саны өзгертілуі мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Kazinform сауалына жолдаған жауабында жазды.

«430 деген сан ҚР Парламентінің ҚР Қарулы Күштеріне берген бітімгерлердің шекті саны. Алайда, Қазақстан Қарулы Күштері қазіргі уақытта бірден 430 әскери қызметшіні жолдамайды. Бұл орта және ұзақ мерзімді кезеңге қойылған жоспар. Голан биіктіктеріне 139 әскери бітімгер жолданатын болады. Егер де БҰҰ-ның қажеттілігі бұл саннан асатын болса, Қазақстан Республикасы заңнамасында көрсетілген сәйкесінше процестен қайтадан өтіп, ҚР Парламентінің жаңа қаулысы қажет болады», - делінген жауапта.

Министрдің орынбасары Голан жотасына баратын 139 әскеридің бітімгерлік қызметінің мерзімі туралы да мәлімет берді.

«Алғашқы контингенттің миссияда болу мерзімі 12 ай болады. Келесі контингенттер де миссияда 12 ай болады деп жоспарлануда. Бұл мерзім БҰҰ-ның басқа елдердің контингенттеріне беретін ұсынысы (рекомендация) болып табылады», - деп жазылған ресми жауапта.

Соңғы жаңалықтар