Goldman Sachs, Bloomberg, Eurosport, Meta: Алпауыт корпорацияларда жұмыс істейтін қазақтар жайында

Трансұлттық корпорацияларда жұмыс істеу мүмкіндігі – бұл тек тамаша кәсіби болашақ қана емес, сонымен бірге бірегей тәжірибе. Meta, Bloomberg, Eurosport және Goldman Sachs компанияларының Лондондағы кеңсесінде еңбек ететін отандастарымыз Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне өздерінің жетістіктері жайлы әңгімелеп, Марк Цукерберг пен Майкл Блумберг командасының бір бөлшегі болу қандай екендігін айтып берді.

еділхан жансая
Фото: pexels.com

Meta мен Bloomberg жұмысқа қалай қабылдайды

Көптеген адам Meta компаниясына жұмысқа тұруды армандайды әрі бұл таңғаларлық жайт емес. Технологиялық алпауыт мансаб жолында тұрақты өрлеу, көңілге қонымды бонус пен бірегей корпоративтік мәдениет ұсынады. Дегенмен, кейбір кандидат тапсырмаларды орындай алатынына күмәнмен қарап, компания есігін қағудан да именеді.

33 жасына дейін Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде веб-бағдарламашы болып жұмыс істеген Абай Нүсіпбеков кез келген адамның Meta сапында еңбек ете алатындығына сенімді. Оның айтуынша, бұл істегі ең бастысы – тыңғылықты дайындық.

«Meta-да сұхбаттасудың нақты процесі бар. Алғашқы екі кезең алгоритмдік тапсырмалармен байланысты. Компания үшінші сұхбаттасу барысында сіздің қандай адам екеніңізді, түрлі жағдайда өзіңізді қалай ұстай алатыныңызды білуге тырысады. Төртінші кезеңде инженерлік ойлау және жобалау дағдыңызды тексереді. Ол жерде сіз қандай да бір ІТ-сервистің дизайны мен сәулетін сипаттауыңыз қажет. Тапсырмаларды орындап, іріктеу процесінен сәтті өту – бұл дағдыдан басқа ешнәрсе емес. Тек тапсырмаларды шешіп үйрену үшін біршама уақыт қажет болады. Біреулер бір айдың ішінде, енді біреулер жарты жылда дайындалса, кейбіреуге жыл қажет болады», – деді ол.

нүсіпбеков
Фото: Абай Нүсіпбековтің жеке мұрағатынан

Алматылық қаржыгер Жансая Еділхан елімізде ұлттық компанияда біраз жұмыс істегеннен кейін әлемнің қаржы орталығы саналатын Лондонда халықаралық тәжірибе жинауға шешім қабылдайды. Қаржылық ақпараттарды жеткізуде жетекші компания саналатын Bloomberg-те жұмыс істеу ол үшін мақсатына жету жолындағы тамаша орын болды. Дегенмен, Bloomberg-тегі сұхбаттасу процесі Цукерберг компаниясындағы процеске қарағандаа біршама өзгеше көрінеді.

«Бірінші кезеңде түйіндемең мен уәждемелік хатыңды тексереді. Одан кейін IQ деңгейін тексеруге ұқсайтын онлайн тесттен өту қажет. Егер оны сәтті тапсырсаң, онда онлайн-сұхбатқа шақырады. Ол жерде қаржы саласына қатысты сауалдар қойылады. Сұхбаттасудың алғашқы үш кезеңі адамның қатысуынсыз бағдарламалық жасанды интеллекті арқылы жүргізіледі», – деді ол.

Айтуынша, алғашқы үш кезеңнен сәтті өткеннен кейін рекрутер (рекрутер – компания үшін кадрлар іріктеумен айналысатын маман) кандидатты дағдылары мен уәждемелерін бағалау үшін Лондондағы Bloomberg кеңсесіне шақырады. Сапар шығынын толығымен компания өтейді.

«Сол күні жеке, сонымен қатар топпен бірге түрлі тақырыптық зерттеуден өтесің. Одан кейін басшылармен бірнеше сұхбат болып, қаржылық білімі, жеке қасиеті, техникалық дағдысы, уәждемесі тексеріледі. Ең соңғы кезең – жұмыс істейтін бағытыңа жетекшілік ететін топ-менеджерлердің бірімен сұхбат», – деді Жансая Еділхан.

еділхан
Фото: Жансая Еділханның жеке мұрағатынан

Copa90 және Eurosport: Жұмыс пен хобби ұштасқанда

Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын ата-анасы Ұлыбританияға қоныс аударған Ақарыс Серікбаев спорт әлеміне қатысты бойындағы білімін пайдалануға мүмкіндік беретін жұмыс жайлы армандайтын.

«Тіпті тегін еңбек етсем де өзіме ұнайтын жұмыс табу арманым болатын. Ал спорт әр уақытта да хоббиім еді. Сондықтан да спорттық журналистика – табысқа әбден жетуім мүмкін сала екенін түсіндім», – деді ол.

Ақарыс спорттық журналистикаға алғашқы қадамын британдық Сopa90 интернет-каналынан бастады. Тұманды Албионда өте танымал цифрлық медиа ойыншылардың, жанкүйерлердің және футбол клубтарының бірегей тарихы жайлы сыр шертеді.

«Copa90 футбол жанкүйерлеріне не ұнайтынын біледі. Құпиясы – онда қолдаушыларды түсінетін әрі сезінетін, олармен бір тілде сөйлесе алатын нағыз футбол жанкүйерлері жұмыс істейді. Маған сол жерде командалардың аудиториясына байланысты олар жайлы қалай жазу керектігін үйретті», – деді ол.

Отандасымыз Copa90 интернет-каналында жұмыс істей жүріп футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасының ойындарын да назарынан тыс қалдырған жоқ. Осы жылдың маусымында футболшыларымыз Солтүстік Ирландия құрамасынан басым түскеннен кейін Ақарыс Instagram парақшасында жариялаған пікір британдық оқырман тарабынан жылы қабылданды.

«Кейін Eurosport каналына жұмысқа тұрып, спорт редакторы қызметін атқардым әрі каналды әлеуметтік желіде ілгерілетуге жауапты болдым. Copa90-нан айырмашылығы спорттың алуан түріне қалам тарттым: теннис, снукер, велоспорт. Каналда «нон-стоп» режимінде жедел жұмыс істеуге, іссапарға кез келген уақытта дайын болуға, танымал спортшылармен сұхбаттасуға үйрендім», – дейді Ақарыс.

серікбаев
Фото: Ақарыс Серікбаевтің жеке мұрағатынан

Goldman Sachs-ты күттіріп қойған қазақ

22 жастағы бағдарламашы Дәулет Батаев Лондонның университеттік колледжінде оқып жүрген кезінде Goldman Sachs компаниясынан тағлымдамадан өтіп, көзге түскен. Сол кезде-ақ оған оқуын аяқтамастан жұмыс ұсынылған.

Британиядағы ірі банктердің бірі командасының мүшесі болу мүмкіндігі түсіп тұрғанына қарамастан ол Кембридж университетінде магистратурада оқуға шешім қабылдады. Бір қызығы, Goldman Sachs отандасымыздың білімге деген құштарлығына қолдау білдіріп қана қоймай, Лондондағы кеңсесінде бір жұмыс орнын ол үшін бір жылдан астам уақыт бойы сақтады.

«Goldman Sachs банкінде осы жылдың маусымынан жұмыс істеймін. Біздің кеңсеміз – бұл үстелдері бар үлкен ашық кеңістік. Әр қызметкердің үстелінде түрлі графиктері бар 2 монитордан болады. Кеңсе күні бойы шулап жатады. Өйткені, трейдерлер үнемі бір-біріне бірдеңені айғайлап айтып жатады. Мұндай жағдайға үйрену қажет», – дейді Дәулет.

батаев
Фото: Дәулет Батаевтің жеке мұрағатынан

Корпоративтік мәдениет және жұмыс ахуалы жайлы

Meta корпорацияның шығармашылығы мен адалдығы негіз болатын ерекше жұмыс ахуалын ұсынады. Компания мол мансаптық мүмкіндікті, тегін тамақ, фитнес залдары және де тіпті, жұмыс орнында ұйықтауға арналған капсулалар сияқты көптеген жайлылықты ұсынып келеді.

Соңғы жылдары Meta көптеген қазақстандықты жұмысқа алды. Тек осы корпорацияның Лондон кеңсесінде 30-дан астам отандасымыз жұмыс істейді.

«Өзге технологиялық алпауыттармен салыстырғанда Meta-да мансап жолында өсу әлдеқайда жылдам. Әр 2-3 жыл сайын сізді көтермелейді, ешкім бір орнында отырып қалмайды. Жұмысқа орналасқаннан кейін сізде компаниядағы процестерді зерделеу және өзіңізбен жұмыс істеуге ыңғайлы команда табу үшін 2 ай уақыт болады», – дейді Абай Нүсіпбеков.

Таңертең жұмыс кофеден басталады

«Bloomberg-те жұмыс таңғы 8-де басталады. Кеңсеге кіргеннен кейін барлық лифті тек үлкен асхана орналасқан 6-қабатқа көтерілуге бағдарламаланған. Осылайша біз күнімізді ыстық кофеден және әріптестерімізбен араласудан бастаймыз. Компаниядағы корпоративтік мәдениет барлық қызметкерлер бір-бірімен өзара іс-қимыл жасап, ынтымақтасып, командалық рухты дамытатындай етіп ұйымдастырылған», – дейді Жансая Еділхан.

Оның айтуынша, қызметкерлердің ешқайсысында жеке кабинет болмайды.

«Компания басшысы Майкл Блумберг Лондон кеңсесіне келгенде кез келген бос үстелде жұмыс істейді. Кез келген қызметкер оған жақындап, өз сұрағын қоя алады», – дейді ол.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Bloomberg (@bloomberg)

Лондондағы қазақ комьюнитиі

Отандастарымыз үшін қазақ диаспорасымен байланыста болу – өмірдің маңызды аспектісі. Олар мессенджерлерде жаңалықтармен бөліседі, Қазақстандағы соңғы оқиғаларды талқылайды, бір-біріне жұмыс пен өмірге байланысты күнделікті мәселелерді шешуге көмектеседі.

«Жігіттермен бірге жиналып, футбол ойнаймыз. Чаттарда кез келген сұрақты қоя аласыз және олар сізге жауап береді», – деген Дәулет Батаев шетелдік компанияларға жұмысқа орналасқысы келетін қазақстандықтарды әлеуметтік желілер арқылы тікелей отандастарымыздан көмек сұраудан тартынбауға шақырады.

Шетелде жүрген отандастарымыз тарихи тамырынан ажырап қалмаған, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді ұстанады.

«Бас қосып тұруға тырысамыз. Мәселен, биыл студенттер Лондонда ұйымдастырған Наурыз мейрамына бардық. Өзіміз де Құрбан айт ұйымдастырдық, адам көп жиналды. Жұбайым ұлттық салт-дәстүрімізге тыңғылықты қарайды. Пәтерімізде қазақ бұрышы бар. Балаларымызды қазақ тіліне үйретеміз», – деді Абай Нүсіпбеков.

Отандастарымыз Абай, Дәулет, Жансая мен Ақарыстың өмір жолы жақсы білім алудың, кәсіби маман болудың, армандаған мақсат-мұратыңа жетудің жарқын үлгісі бола алары анық. Жалпы, отандастарымыз, әлемнің қай қиырында жүрсе де сол ортаға тез бейімделіп қана қоймай, бойына әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған ұлттық құндылықтарымызды да жоғалтпақ емес.