Голландиялық байқаушылар қазақстандықтардың сайлаудағы жоғары белсенділігін атап көрсетті
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Нидерланды Корольдігінің Амстердам университетінің адъютант-профессоры Ласло Кароли Мараш ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауындағы қазақстандықтардың дауыс беру белсенділігін жоғары бағалады.
Бұл туралы ол бүгін Астанада өткен брифингте айтты.
«Таңертең мен 8 сайлау учаскесінде болдым. Мен қазақстандықтардың сайлаудағы жоғары белсенділігін атап өткім келеді»,-деді Ласло Кароли Мараш.
Оның айтуынша, ол біздің елге алғаш рет келіп отыр. «Сондықтан болу керек мен Қазақстандағы сайлауға үлкен қызығушылықпен келдім»,-деп атап көрсетті шетелдік бақылаушы.
Ласло Кароли Мараштың атап өткеніндей, Қазақстандағы сайлау науқаны өзгеше өтуде, Еуропада әдетте сайлаушылардың белсенділігі төмен. «Батыс Еуропада сайлауға қатысты қиындықтар туындап жатады. Себебі көбіне көп оған сайлаушылар дауыс беруге салғырттық танытып, сайлауға жеткіліксіз адам келіп жатады. Мысалы, Еуропарламент сайлауына халықтың тек 40 пайызы дауыс береді. Қазақстандық жағдай өте үлгілі»,-деп атап көрсетті ол.