«Голливуд қазақшаға бет бұрды ма?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 1 сәуір, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Голливуд қазақшаға бет бұрды ма?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс президенттік сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді байқаушылары миссиясының арнайы үйлестірушісі, ЕҚЫҰ Параменттік Ассамблеясы байқаушылар делегациясының басшысы Тонино Пицуланы қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, ЕҚЫҰ ПА байқаушылар делегациясын қабылдай отырып, Төраға халықаралық қоғамдастық тарапынан президенттік сайлауға ерекше ықылас байқалып отырғанын атап өтті. Сайлау мониторингіне тек ЕҚЫҰ ПА тарапынан 80-нен астам байқаушылар қатысады.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжоу Лимен кездесу өткізді. Тараптар саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық салаларда, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша белсенді үнқатысу үдерістерін ұстану ниеттерінде екенін білдірді. «Келіссөз барысында сәуір айында Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер қауіпсіздік кеңестері хатшыларының отырысын өткізуге байланысты мәселелер талқыланды», - деп жазады басылым.

***

«Қазақ мектептеріндегі білім сапасы қайткенде жақсарады? Мұның кілтипаны, ең алдымен, оқулықтарда болса керек. Сондықтан «қазақ тіліндегі мектеп оқулықтары бала түйсігіне қаншалықты қонымды» деген сауалға жауап іздеп, білім негізі бастауышта болған соң, сол кітаптар бойынша шағын зерттеу жасап көрдім. Сонда байқағаным, біздің оқулықтардағы жаңа тақырыпты түсіндіру ұтымды жолға қойылмаған екен», - деп жазады «Айқын» газетінің тілшісі. Жазылған жайт жайында жан-жақты ақпарат алғыңыз келсе, басылымдағы «Қазақша оқулық қатеден қашан арылады?» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.

«Айқын» газетінің жазуынша, «Үміт» бүйрек ауыстыру жөніндегі мүгедектер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Өскенбаев Пәкстанда бүйрек ауыстыруға ниетті науқастарға бұл қадамның қауіптілігін айтып, дабыл қағып отыр. Оның айтуынша, 2009-2010 жылдары бұл елде ота жасатқан қазақстандық 14 науқас елге келісімен көп ұзамай көз жұмған. Ал соңғы екі айда сәтсіз жасалған отадан 4 отандасымыз бұл дүниемен қош айтысты. Мақала «Пәкістан бүйрегі өміріңізге қауіпті» деген тақырыппен берілген.

***

«Ендігәрі Қарулы Күштердің қару-жарақ қоймалары, әскерилердің арсеналдары сақталған базалар жанынан тыйым салынатын аумақтар белгіленеді. Кеше Парламенттің жоғары палатасы осындай шектеуді қамтитын заңды екі оқылымда қабылдады», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті жұма күнгі нөміріндегі "Байқоңыр неге бақылаусыз?» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, құжаттың қабылдануына бұған дейін әскери қоймаларда орын алған қайғылы оқиғалар себеп болса керек. Адам өмірін жалмаған сондай жарылыстардың салдарын талдаған мамандар азаматтардың қойма маңынан аулақ жүруін, оның жанына там соғуға тиым салуды заң арқылы жүргізгенді құптаса керек.

Балалары күнұзақ үйіндегі «көк жәшікке» телміретін қала жұрты голливудтық «Тачки» деген мультфильмді жақсы білетін болар. Небір түрлі темір тұлпарлардың өмірі мен жарыс жолдары туралы қызықты хикаяттарға толы болғандықтан ба, мектепке дейінгі балалардың қызығушылығы ерен. Сол фильмдегі «Макуин» есімді жүйрік машинаның суреттері тоңазытқышы мен балалар бөлмесіне ілінбеген үйлер кемде-кем шығар. Міне, осы мультфильмнің «Тачки-2» нұсқасы қазақша дыбысталып, алдағы маусым-шілде айларында отандық кинопрокатқа түспек. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетіндегі «Голливуд қазақшаға бет бұрды ма?» деген мақаладан баяндалған. «Сәтін салып, уақытында шықса, түрктілдес елдердің ішінде «Тачки» мультфильмі аударылған екінші тіл қазақ тілі болмақ. Бұған дейін бұл фильм түрік тіліне аударылған екен. Қияңқы қылықтары да, кескілескен шайқастары да бар, суреті сұрықсыз, сюжеті түсініксіз болып келетін, сөйте тұра балаларымызды теледидарға матап қоятын небір түрлі мультфильмдерге қарағанда, мына фильм әлдеқайда жақсы екеніне дау жоқ. Енді тек аудармасы анық, дыбысталуы сәтті шықса екен. «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дегеннің кебін кимесе деп тілейміз», - деп жазады басылым.

***

«Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Спенсер Оливермен кездесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. С.Оливер Қазақстанды ЕҚЫҰ-дағы жемісті төрағалығымен және Астана Декларациясының қабылдануымен құттықтады. Әңгімелесуші тараптар алдағы президенттік сайлаудың ашық әрі әділ өткенін қолдайтындықтарын мәлімдеді. Өз кезегінде Қ. Саудабаев Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы кезеңінде Қазақстан бастамаларына барынша қолдау көрсеткені үшін және сайлауға белсенді қатысып отырғаны үшін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясына алғысын білдіріп, жемісті әрі толыққанды жұмыс жасауға барлық жағдай жасалатынына сендірді.