«Голливудтықтардың Астанадағы жаңа хикаясы»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат/ -  Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 9-ы,  жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Голливудтықтардың Астанадағы жаңа хикаясы»- республикалық басылымдарға шолу

***

«Жас қазақ» газетінің өткен санында «Арт жақта қалған»... дүние!» атты мақала жарық көрген болатын. Онда «Қазақстан» ұлттық арнасы» АҚ Голливудтағы Left Behind Inc. фирмасына фильм түсіріп беру үшін бір миллион бір жүз он бір мың бір жүз он бір доллар аударып бергені және Қор биржасында брокер жалдап, бір миллиард теңгеге жекеменшік құрылымдардың акцияларын сатып алғаны жөнінде айтылған-ды. Ал басылымның бүгінгі санында сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі - Ермұхамет Ертісбаевпен және осы даулы тақырып бойынша, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевпен сұхбат жарияланған. «Голливудтықтардың Астанадағы жаңа хикаясы» атты ортақ тақырыппен берілген екі бірдей сұхбатты басылымның жұма күнгі санынан толық оқи аласыздар.

«Әлдебір елдің экономикалық жетістігін сөз еткенде, аузымыздың суы құриды. Өндіріс пен кәсіпорынды қолтықтан сәл демеп жіберсек, біздің де шекеміз шылқып, сары шелпектен ықылық атардай боламыз. Тіпті әлемнің экономикалық локомотивтері - Сингапур, Малайзия, Жапония, АҚШ секілді желпініп шыға келетіндейміз. Бәлкім, солай да болар ма еді? Бірақ бізді билеген ашкөздік, мешкейлік қарыс қадам бастырмайды-ау, бастырмайды! Ал ақша құйып, елді өркендететін орындарға, қайдан шығатыны белгісіз, Шық бермес Шығайбайға шаң қаптыратын сараңдар жайғасады. Олардың пейілі тап бір Ежелгі Үндістандағы Радж падишаһтан бір кем емес-ау!» деп жазады «Жас қазақ» газеті «Тұяқ серпіген серпінді жоба. Үкімет тағы  бір кәсіпорыннан көз жазып қалды» атты мақаласында.

«Екі дәудің текетіресі». Осы тақырыппен «Жас қазақ» газетінде жарық көрген мақалада Ішкі істер министрлігі мен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) арасында қып-қызыл жанжал оты тұтанғандығы жазылған.

 Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласы әкімдігінің активімен кездесіп, елорданың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы, мұның алдында өткен жиында берілген тапсырмалардың орындалу барысы мен қаланың алдағы жоспары туралы мәселелерді талқылауға арналған кеңес өткізген болатын. Осы айтулы жиынға орай «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі санында «Астана барлық жағынан да атына лайық болуға тиіс» атты мақала жарық көрді. «Елбасы Астананың сәулеті мен дәулеті тек құрылыспен ғана шек­телмей, оның бейнесі халыққа қыз­мет көрсету, қазақтың ұлттық тағамдары, әні мен өнерін наси­хат­таумен байланысты болуы ке­рек­тігін атап өтті. Осы орайда ол қаланың қонақүйлерінің бағасы тым қымбат екендігін, бұған тек астаналықтар ғана емес, шетел қо­нақтары да қынжылыс білдіретінін айтып, алдағы кезде қалада орташа табысы бар адамға 80-100 АҚШ доллары тұратын қонақүйлер са­лын­са жақсы болар еді деген пікі­рін білдірді. Осы орайда Мемлекет басшысы қонақүйлер, дәмханалар мен мейрамханаларда қазақтың ұлттық тағамдары аз жасалатынын, қонақтардың өзі бұған қатты көңіл аударып, реніштерін білдіретінін де ескертіп өтті», деп жазады басылым.

 Елорда әкімдігінде өткен осы алқалы жиын жайында «Айқын» басылымы да көлемді мақала берген.  «Президент Астанада ұлттық мейрамханаларды көптеп ашуды ұсынды» деген тақырыппен берілген жарияланым Елбасының «Елордамыз Тәуелсіздіктің, ынтымақтың, бірліктің, Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символы болуы үшін біз барлық шараларды қабылдауымыз қажет», деген сөзімен түйінделген.

 Сондай-ақ «Литер», «Панорама», «Известия-Казахстан» және «Казахстанская правда» газеттері де осы тақырыпқа орай арнайы мақалалар берген.

«Қазақстан - Еуропаның Орталық Азиядағы басты әріптесі». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде Франция Президенті Николя Саркозимен арадағы сұхбат жарияланды. Екеуара әңгіме барысында «Шынында да Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынас жыл өткен сайын нығая түсуде. ЕО-ның Орталық Азия бойынша сауда-саттықтағы әріптесі ре­тінде Қазақстан алға шықты. Оның үлесі 25 пайызды құрап отыр. Жалпы, Қазақстан мен ЕО ара­сындағы байланыстар сан салалы. Бұл ретте сіз айтқан «Еуропаға жол» бағдарламасы нақты мақсат­тармен алға ұмтылған жол картасы тәрізді. Оған сіздердің ЕҚЫҰ-дағы төрағалықты табыспен атқару­ла­рыңыз да өз үлесін қоспақ», депті француз көшбасшысы.

Осы басылымның дәстүрлі «Үкімет» атты апталық қосымшасында «Талпыныс  және табыс немесе кәсіподақтар қызметі қалайша бағаланады?», «Неліктен автобус зауыты трактор шығаруда?», «Жаңа жол жаңа жетістіктерге бастайды», «Әлеуметтік қорғаудың ақтөбелік моделі» деген тақырыптармен мақалалар топтамасы берілген.

  «Кеше Молдованың астанасы - Кишинеу қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері Сыртқы істер министрлерінің кезекті кеңесіне қатысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, кеңес барысында Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 65 жылдығына байланысты жа­сай­тын үндеуінің жобасы туралы; Ардагерлер ұйымдары туралы; Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңестің қызметі туралы; Шекаралық қауіпсіздікті нығайтудың шаралары туралы; ТМД ынтымақтастығының сала­лық органдары жөніндегі жалпы ережелер туралы және осы тектес басқа да көптеген мәселелер қарастырылған. Мақала «Қазақстан бастамалары қашанда назарда» деген тақырыппен берілген.

«Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Ақ сөйле!» айдарының қонағы - Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, академик Махмуд Фаһми Хижази. Сұхбат барысында академик «Қазақ халқы - әлімсақтан мұсылман, бірақ дін туралы жалпы білімдері өте әлсіз еді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен басқа да мекемелердің қарқынды жұмыстары арқылы Ислам дінімен танысу басталды, мешіттердің саны көбейіп, діни басылымдар арта түсті, діни мерекелер қайта тойланатын болды», депті. «Мектепте дін сабағын оқытудың тәрбиелік мәні бар» деген тақырыппен берілген сұхбатты толығымен басылымның 3-ші бетінен оқи аласыздар.

«Елбасының Түркия мемлекетіне ресми сапары қарсаңында айтулы оқиға болды. Кеше бас қаламыз Астанада ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен, Түрік Республикасының негізін қалаушы, түрік ұлтының қайта өрлеуін жүзеге асырушы, әлемге мемлекет басқарудың ерекше үлгісін көрсеткен дарынды саяси тұлға ретінде танымал Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті», деп жазады «Айқын» газеті. «Қазақтың жері - түрік мемлекеттерінің бастауы» деген тақырыппен жарияланған мақаланы толығымен басылымның бүгінгі санынан  оқи аласыздар.

Түрік мемлекет қайраткеріне ашылған ескерткіш жайында ел газеті «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» басылымы арнайы мақала берген.

***

«Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі санында «Байқоңырды жалға беру ақысы неге өсірмейміз?!» атты мақала жарияланды. «Өткен аптада қасиетті қазақ топырағындағы Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-ФГ» зымыраны «Союз ТМА-16» кемесімен ғарышқа ұшырылды. Ғарыш кемесінің бортында америкалық Джеффри Уильямс, Максим Сураев және жетінші ғарыштық турист - канадалық миллиардер, Cirque du Soleil циркінің қожайыны елу жасар Ги Лалиберте бар. Мұның бәрі зымыран ұшырған ел мен ұшқандар үшін әрине, абырой, жарасты-ақ. Ал соны ұшыртқызып, әр зымыран ұшқанда, уға көмілетін біз не істеуіміз керек еді? Байқоңырдан зымыран ұшқан күні Оңтүстік Қазақстан мен Қызылордада тұратындардың сүйегі қалай сырқырайтынын әттең, кім біліп жатыр?! Әсіресе, жасы ұлғайғандарға қиын-ақ. Ғарыш айлағына жақын елді мекендегі жұрт осындай қиямет шегіп отырғанда, айлақты Ресейге бергенде алатынымыз жыл сайын бар болғаны баяғы 115 миллион доллар ғана! Ал ресейліктер болса ғарышты коммерциялық мақсатқа пайдаланып, туристердің ақысын өсіре бастады. Айталық, алдындағы бес туристің әрқайсысы 20 млн доллар төлегенімен, өткен жылы қазанның 12-сінде көк жүзіне көтерілген америкалық миллионер Ричарда Гэрриот ғарышқа бару «билетін»  30 млн долларға сатып алды. Ал қазір көкте қалықтап жүрген Ги Лалиберте сатып алған «билет» бағасы 35 млн доллар тұрады. Туристердің бағасын Ресей өсіргенде біз неге айлақты жалға беру құнын өсірмейміз» дейді басылым.

Сондай-ақ осы басылымда «Сот төрағасы әйеліне оқ атты» деген мақала жарық көрді.Газеттің жазуынша,  Қостанайда өзінің бұрынғы әйелін өлтіруге әрекеттенгендігі үшін судья күдікті ретінде нысанаға іліккен. Қазіргі уақытта оны қамауға алу және қылмыстық іс қозғауға Жоғарғы сот пен Бас прокуратура санкция беріпті. «Бұл оқиғадан облыс халқы дүр сілкінді. Анау-мынау емес, білдей бастық, Қостанай әкімшілік сотының төрағасы Ербол Панзабеков тал түсте қаланың қақ ортасында өзінің бұрынғы әйелі Балжан Уәлиеваға оқ атқан», деп жазады «Алаш айнасы» газеті.

 ***

«Дүниежүзілік туристік ұйымның 18-ші Бас ассамблеясы Қазақстан Президентінің тамыздың 29-ын Бүкіләлемдік жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту күні деп жариялау туралы бастамасын қолдауға әзір. Мұндай шешімді делегаттар ДТҰ мүшелері отырысының қорытынды сессиясында мәлім етті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

 «Экспресс-К» газетінің жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында «Заңсыз жеке медициналық тәжірибемен айналысу» бабы бойынша халық емшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол иіс су егу арқылы ЖҚТБ дертінен адамдарды емдеймін деп жариялаған. Басылымда жарық көрген мақалаға қарағанда осыдан үш апта бұрын Шымкенттегі «Ана мен бала» жұқпалы ауруларды емдеу және алдын алу орталығының жансақтау бөліміне Төле би ауданының 7жасар тұрғыны ауыр халде жеткізілген.