«Голос» шоуының жаңа маусымындағы тәлімгерлер құрамы белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің Первый канал арнасында көрсетілетін «Голос» вокалдық жобасының жаңа маусымында тәлімгерлер құрамы жаңарады. Жаңа маусымда Пелагея мен Владимир Пресняковқа әнші Anna Asti және опера әншісі Ильдар Абдразаков қосылады. Бұл туралы арнаның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ТАСС.
Хабарламада айтылғандай, жобаның түсірілімі жаңартылған тәлімгерлер құрамымен басталады. Көрермендер жаңа маусымды 2026 жылы тамашалайды.
– Тәлімгерлер қатарында жобаға алғаш рет қатысып отырған өнерпаздар бар. Жоба бастауында тұрған Пелагея мен тәжірибелі тәлімгер Владимир Пресняковқа Anna Asti мен Ильдар Абдразаков қосылып отыр, – делінген арна таратқан ақпаратта.
Жаңа тәлімгерлер жобадан не күтетіндерін айтты.
Anna Asti «Голос» шоуына тәлімгер болу үлкен мәртебе әрі ерекше эмоциялық тәжірибе екенін жеткізді.
Ал Ильдар Абдразаков бұл жобаға алғаш рет тәлімгер ретінде қатысатынына қуанышты екенін жеткізіп, әр қатысушының қабілетін ашуға бар күш-жігерін салатынын атап өтті.
Жаңа маусымның «соқыр тыңдау» кезеңіне Ресейдің әр өңірінен, соның ішінде жаңа аумақтардан, сондай-ақ ТМД елдерінен келген 108 вокалист қатысады. Жобаның жүргізушісі бұрынғыдай Яна Чурикова болады.
Айта кетейік, қазақстандық 11 жасар әнші 2022 жылы «Голос. Дети» жобасында 3-орын иеленді.