Головкин-Альварес трилогиясынан кейін GGG қыруар табыспен зейнетке шықса да болады - Роберт Гарсия

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық бапкер Роберт Гарсияның ойынша, Головкин - Альварес жекпе-жегі бір ғана кездесумен шектелмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Головкин-Альварес трилогиясынан кейін GGG қыруар табыспен зейнетке шықса да болады - Роберт Гарсия

Ал екі боксшының барлық жекпе-жектері аяқталғаннан кейін Головкин қыруар табысқа кенеліп, зейнетке шықса да болады.

"Меніңше, қай боксшы жеңсе де, бұл үлкен жекпе-жек болады. Одан кейін біз екінші жекпе-жекті көре аламыз. Меніңше, мамыр айында реванш болады. Бәлкім, арғы жағы трилогияға ұласуы әбден мүмкін. Ал осы трилогиядан кейін GGG зейнетке шықса да болады. Себебі ол қыруар табысқа кенеле алады. "Канело" өз жолын жалғастырады. GGG болса, қалтасына 30 миллионды салып алып, бокспен қоштаса алады. Кім біледі, бәлкім одан да көп ақша табатын шығар", - дейді Гарсия.

Айта кетейік , бұған дейін Гарсия танымал боксшы Флойд кіші Мейвейзердің Головкинге қарсы ақпараттық шабуылдарына түсінік берген болатын. "Бүгінде барлық жанкүйерлер Мейвейзер қайта оралса, оның Головкинмен жұдырықтасқанын қалайды. Кезінде ол "Канелоны" оңай жеңген. Енді, Альварес GGG-ді жеңсе, Флойд Головкинді де оңай жеңемін деп шыға келеді. Себебі кезінде Альваресті еш қиындықсыз жеңген. Сол себепті ол мексикалық боксшының жеңгенін қалайды. Флойд өзін ойлап отыр", - дейді Гарсия.