Головкин-Альварес жекпе-жегі үлкен шоу - Мырзағали Айтжанов
- Мырзағали Құланұлы, бүгін АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің бокс кешінде кім басым болды деп ойлайсыз?
- Мен бұл бокс кешінен Сауль Альварестің Геннадиймен тең дәрежеде жұдырықтасқанын көрген жоқпын. Жалпы, 12 раундтың 9-ында Геннадий басым түсті. Ал үш раундта ғана Альварес өз мүмкіндігін пайдаланды деп есептеймін.
- Негізі, осы айқастан ногдауын, нокауд күттіңіз бе?
- Бұл екі мықты арасында өткен айқас болғандықтан әу баста, нокауд болмайтыны белгілі болды. Өз басым 12 раундқа созылатынын алдын ала сездім. Бірақ айқас тең дәрежеде айқас болады деп ойлаған жоқпын.
- Төрешілердің шешімімен келісесіз бе?
- Өз басым келіспеймін. Біздің Гена одан әлде қайда басымырақ болды.
- Төрешілердің бұл шешімінің астарында не бар болуы мүмкін?
- Бұл жай жекпе-жек емес. Үлкен шоу. Сондықтан ұйымдастырушылардың өз ойлары бар. Шоуды ұйымдастырушылардың халықты қайтадан қызықтыру, еліктіру сияқты саяси ойыны жатыр. Осы арқылы тағы да үлкен ақша жасау керек болуы әбден мүмкін.
- Алдағы уақытта екі боксшы қайтадан жолығуы мүмкін бе?
- Әбден мүмкін, екі компания қомақты ақшаға келісіп жатса, бәрі де мүмкін. Қазір кәсіпқой бокс тап-таза ақша. Үлкен атыс ойыны. Сондықтан жыл жаңаланбай, қос боксшы қайта жолығып жатса таңқалмаймыз.
- Әңгімеңізге рахмет!