Головкин-Чавес жекпе-жегі өтпейтін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Хулио Сезар Чавес-кіші арасындағы жекпе-жек өтпейтін болды. Бұл туралы екі боксшының промоутерлері хабарлады, деп жазады vesti.kz.
Top Rank басшысы Боб Арумның айтуынша, екі жақтың арасындағы келіссөздер тоқтатылды, енді екі боксшы да өз бағыттары бойынша кетеді. Дей тұрғанмен, Чавес (48-1-1, 32 КО) АҚШ-та 19 шілдеге жоспарланған Головкинмен (29-0, 26 КО) жекпе-жекке мүдделі болды, бірақ оның сұраған гонорарына Top Rank-тің шамасы келмеді. "Чавес Головкинмен қолғап түйістіргісі келді, бірақ қойған талаптары тым ауыр. Сондықтан біз бұл жекпе-жекті қазір ұйымдастыра алмаймыз», - дейді Арум. Головкин - Чавес жекпе-жегі болмайды деген ақпаратты қазақстандық боксшының промоутері де растады. Том Леффлердің айтуынша, қазір олар HBO телеарнасымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Және олар шілдедегі жекпе-жек үшін ең мықты қарсыластарды іздестіруде. Әзірше мұндай үміткерлердің қатарында WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпиондары Питер Куиллин мен Дэниел Джейкобс қарастырылуда.