20:17, 26 Маусым 2018 | GMT +5
Головкин -«Канело» жекпе-жегіне арнаулы белдік таңдап алынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мен Сауль Альварестің (49-1-2, 34 КО) қыркүйектегі жекпе-жегінде сарапқа салынатын арнаулы белдікті таңдау үшін жанкүйерлер арасында сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Sports.kz.
Сауалнамаға қатысқан жанкүйерлердің 54% ақ белдікке, 46% жасыл белдікке дауыс берген. Осыған орай, жекпе-жектің жеңімпазы алатын WBC-дің арнаулы белдігі ақ түсте болады.
Еске сала кетейік, «Канело» - GGG-дің алғашқы кездесуінде арнаулы белдікті Мексикадағы учиоли үнді тайпасының қолөнер шеберлері әзірлеген болатын. Ал Мексиканың «Синко де майо» мерекесі күні өткізген жекпе-жегінде Ванес Мартиросянды (36-4-1, 21 КО) жеңген Головкин цельтали тайпасының шеберлері әзірлеген белдікті алған еді.
Головкин мен «Канелоның» екінші кездесуі 15 қыркүйек күні Лас-Вегаста өтеді.