Головкин «Канелоны» қашан нокаутқа жіберетінін айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) TMZ Sport-қа берген сұхбатында Сауль Альвареспен (49-1-1, 34 КО) өтетін алдағы жекпе-жегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.
«Мен «Канеломен» өтетін айқасқа басқа да қарсыластарыма дайындалғандай, жүз процентке дайындалып жатырмын. Ол мені жақсы біледі, мен де оны жақсы танимын - екеуміз бұрын бірге жаттығып, төрт жыл алдын бірге спарринг жасадық. Ол өте жақсы боксшы. Мен оны сол кезде нокаутқа жібердім бе? Жоқ, бірақ оны 16 қыркүйек күні нокаутқа түсіремін! Алайда, біздің айқасымыз нокаутпен аяқтала ма немесе қашықтықта өте ме, оны айту қиын, себебі бұл - бокс. Қандай болған жағдайда да, Big Drama Show болады», - деді Головкин.
Головкин - Альварес жекпе-жегі 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы «T-Mobile Arena»-да өтеді.