Головкин қарсыластарына: Менің белдіктерімді алуға тырысып көріңдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Карсондағы (АҚШ, Калифорния штаты) StubHub Center аренасында Геннадий Головкин қарсыласы Ванес Мартиросянды жеңгеннен кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Головкин қарсыластарына: Менің белдіктерімді алуға тырысып көріңдер

«Мен рингке қайта шықтым және өзімді өте жақсы сезініп тұрмын. Маған қолдау білдірген Қазақстандағы барша достарыма, жанкүйерлеріме алғысымды айтамын», - деді Головкин.

Сонымен қатар ол бүгінгі қарсыласы жайында да жақсы лебізін жеткізді.

«Ванес - ол талапты боксшы, шаршы алаңда бірнеше жақсы соққыларын дарыта алды. Бірінші раундтан кейін бұл кездесу оңайға түспейді деген ойға да келдім. Алайда жекпе-жекті екінші раундта аяқтауға қауқарлы болдым», - деді GGG.

Мұнымен қоса ол 5 мамыр күні өтуі тиіс болған жекпе-жекке қатысты Сауль «Канело» Альвареске қаратып үндеу жасады.

«Мен кез келген қарсыласқа дайынмын. Егер де «Канело» жекпе-жекке дайын болса, мен де дайынмын. Мен көп жылдар бойы чемпиондығымды сақтап келемін. Менің белдіктерімді алғыларың келе ме? Онда жекпе-жекке шығып, тырысып көріңіздер», - деді Генадий Головкин.
Бұдан бөлек Геннадий жанкүйерлеріне бірнеше тілде әлеуметтік желі арқылы өз алғысын айтып үлгерді.
«Қолдау жасағандардың барлығына үлкен рахмет! Thanks a lot to all my fans for your support! Muchas gracias!»,- деп жазды GGG.

Фото: vk.com/ggolovkin