Головкин-Лемье жекпе-жегі қарсаңындағы 5 сауал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен канадалық Давид Лемье арасындағы жекпе-жек қарсаңында республикалық Sports.kz интернет-порталы осынау шаршы алаңдағы ұрысқа қатысты барынша шытырман 5 сауалға жауап іздеп көрген-ді. Ал бұл сауалдардың жауабын жекпе-жек аяқталғаннан кейін ғана алуға болатындығы анық жайт.
None
None

Головкиннің PPV-дағы дебюті сәтсіздікке ұшырап жүрмей ме?

Геннадий Головкин өзінің спорттық мансабы жолындағы кезекті жекпе-жегін PPV-та алғаш рет өткізбек. Әрине, бұл жайт Қазақстан боксшысы үшін өзінің спорттық мансабы жолының дамуының табысты кезеңі екендігі сөзсіз. Өйткені, Еуропа мен Азия өкілдерін айтпағанның өзінде тіпті американдық боксшыларының өзі PPV-да өнер көрсетуі сирек. Дегенмен, GGG мен оның қарсыласы Давид Лемье арасындағы жекпе-жекті ұйымдастырушылар өз тараптарынан барынша тәуекелді қадамға барып отырғаны шындық. Өздерінің шығындарын жауып, боксшыларға сыйақы төлеумен қатар, пайда да табу үшін НВО арнасы қарапайым американдық азаматтар трансляцияны көру құқығын сатып алады деп үміттенуде. Ол үшін американдықтар 70 доллардан төлеуі тиіс. Ал бұған дейінгі тәжірибе мен статистика көрсеткендей, американдықтар бұрынғы КСРО-дан шыққан боксшылардың шаршы алаңдағы айқасын көру үшін әмияндарынан ақша шығаруға тым асыға қоймайды.

Айта кетерлігі, Геннадий Головкин PPV-да жекпе-жегі көрсетілетін ТМД-дан шыққан үшінші боксшы болмақ. Есте болса, 2004 жылы украиндық Виталий Кличко PPV-да ең бірінші болып шаршы алаңға көтерілген еді. Ол Дэнни Вильямсқа қарсы шыққан-ды. Одан кейін Қазақстанның бокс мектебінен тәлім-тәрбие алған Олег Маскаев Хасим Рахманмен айқасқан болатын. Дегенмен, бұл жекпе-жектердегі PPV-көрсеткіштері тым аз, яғни 120 мың мен 60 мың көрерменді ғана жинай алды. Ұйымдастырушылар үшін бұл жайт құрдымға кетумен тең. Айтпақшы, мұндай жүйеде табыс әкелген ТМД-дылық боксшы Костя Цзю болғаны есте. Бірақ, оның шаршы алаңдағы кездесуі АҚШ-та емес, Австралияда PPV-да көрсетілген еді.

Ұйымдастырушылар бұл жекпе-жекті көру үшін кемінде 250-300 мың бірегей пайдаланушы ақша төлейді деп үміттенуде. Егер ақылы транслация көрушілердің саны бұл күтілетін деғгейден төмен болса, онда Г.Головкиннің PPV-дағы дебюті сәтсіздікке ұшырады деуге болады.

Г.Головкин Д.Лемьемен жекпе-жегі үшін қанша гонорар алады?

Бұл сауалдың жауабы бірінші сөз еткен мәселемізге тікелей байланысты. Яғни, Головкиннің де, оның қарсыласының да гонорарының көлемі тікелей американдық азаматтардың қолында. Қазақстандық мен канадалықтың шаршы алаңдағы айқасын тамашалағысы келген адамдардың легі көбейген сайын боксшылардың банктегі есепшоттарына құйылатын қаржы да арта түседі. Әрине, нақты белгіленген ставка да бар. Бұл ретте оның көлемі шамамен 2 млн. долларды құрайды. Бірақ, мұндай жағдайда екі тарап та оның көлеміне көңілдері көнши қоюы неғабыл. Тіпті, жекпе-жек 250-300 PPV жинайтын болса, онда жалпы пайданы есептеп шығару қиын емес. Мәселен, 250 мыңды 70 долларға көбейтсек, онда 17,5 млн. доллар шығады. Бұл соманың жартысына жуығы PPV-операторға кетсе, ал қалған жартысы боксшылар мен промоутерлерге бұйырады. Сонымен қатар канал да бірақ қаржыны қалтасына басады. Тіпті, көрсетілім сатылымы 200 мыңды маңайлағанның өзінде бұл кепілдендірілген гонорарды төлеумен қатар боксшыларға қосымша сома аударуға да жеткілікті. Демек, жағдай дәл осылай өрбитін болса, Головкин мен Лемье 4-5 млн. долларды бөліп алады деген сөз. Ал егер жекпе-жекті ақылы негізде көрушілердің саны 300 мыңға барса, онда боксшылар шамамен 7 млн. долларды бөліседі.

Мұнан бөлек, транслация тек жалғыз табыс көзі емес екендігін де естен шығармау керек. Яғни, билет сатудан түсетін де кіріс бар. Алдын ала есептеулер бойынша ол шамамен 1 млн. долларды құрайды.

Сонымен бұл сауалды түйіндей келе Г.Головкин осы жолғы жекпе-жегінде рекордтық гонорар ғана алып қоймай, бұған дейінгі кіші Вилли Монромен айқасы үшін алған сыйақысының сомасынан біршама артық қаржыны қалтасына басатындығын 99,999 пайыз сеніммен айтуға болады.

Г.Головкин 4 бел беу ді топтастыра ала ма?

Геннадий Головкин мен Давид Лемье арасындағы жекпе-жек чемпиондық титулдар тұрғысында да зор спорттық шытырманға толы. Өздеріңіз-ақ ойлап көріңіздерші: Жексенбі күні даңқты «Мэдисон-сквер-гарден» спорт кешенінде орта салмақтағы төрт бірдей белбеу сарапқа салынбақ. WBC нұсқасы бойынша уақытша чемпион, WBA нұсқасы бойынша суперчемпион және IBO нұсқасы бойынша чемпион титулдарына ие Г.Головкин IBF белбеуіне иелік еткен қарсыласымен айқасқа түспек. Яғни, канадалықтың бұл жолы бәсі басым болса, онда ол қазақстандық боксшының 3 белбеуіне бірден иелік етеді. Ал барлық белбеулерді топтастыру басты арманы екендігін бірнеше мәрте айтқан Г.Головкин болса, өз коллекциясын IBF белбеуімен толықтыруға асығып жүргені айдан анық жайт. Сондықтан алдағы жекпе-жектің басты сауалы былай өрбісе өте орынды: жеңіліп көрмеген Г.Головкин өз коллекциясын IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионының төртінші белбеуімен толықтыра ала ма?

Боксшылардың ұрыс мәнері қандай болмақ?

Головкин мен Лемьенің жұдырықтасу мәселелері жекпе-жек қарсаңында барынша шытырман сауалдардың бірі болып отыр. Өйткені, екеуі де өздерінің қуатты соққыларына басымдық бере отырып, ұрыстың шабуылдаушы стиліне баса мән беретіндігі белгілі. GGG соққысының ауырлығының қаншалықты қуатты екендігін біз олардың ауыздарынан талай естіген едік. Есте болса, екінші орта салмақтағы WBA және IBF чемпионы Карл Фроч НВО телеарнасын берген сұхбатында Геннадийдің соққысын аттың тебісіне теңеп, одан аулақ жүруге шақырғаны бар еді.

Канадалықтың да соққысы жойқын. Бірақ, Лемье қазақстандық боксшымен жұдырықтасу барысында жиі шабуылға бой алдыру өзіне қаншалықты қауіпті екендігін жақсы біледі. Себебі, Давид шабуылға шыққанда қорғанысты ұмытып кететіні бар.

Геннадийдің басты қаруы джеб соққысы десек болады. Көптеген мамандардың пікірінше, Головкиннің джебі қазіргі боксшылардың арасында ең үздігі саналады. Сондықтан да бұл кездесуде Лемье өзінің мақамымен ұрыс жүргізе ала ма әлде нокаутқа түсуден жасқанып, тас-қамал қорғаныста жүре ме, деген сауал көлбеңдейді.

Дәл осындай сауалды Головкинге де қоюға болатын сияқты. Есте болса, бұған дейінгі кіші Монромен арадағы жекпе-жекте қазақстандық бірнеше ауыр соққыны жіберіп алған-ды. Бақытымызға орай Монроның соққысы тым ауыр болмағандықтан Геннадийге айтарлықтай проблема туындамаған еді. Ал Лемьенің соққысы жойқын. Сол себепті Абель Санчес өз шәкіртін канадалықтың тікелей соққысын жібермеуге кеңес беретіндігін сөзсіз.

Г.Головкин қай раундта мерзімінен бұрын жеңіске жетеді?

Соңғы сауал сәл дөрекілеу естілгенімен, соңғы уақытта өзінің сенімді жеңістерімен Геннадий Головкин жанкүйерлерін дәл осы сауал төңірегінде түрлі болжамдар жасауға үйретіп қойғаны бар. Мәселен, қазақстандық боксшымен жұдырық түйістірген Ишида, Маклин және Гил үшінші раундтан ары аса алмады. Ал Рубио болса, тіпті үшінші раундқа да іліге алмай қалған болатын. Ал кіші Вилли Монроның оларға қарағанда біршама тегеуірін көрсеткені бар. Дегенмен, ол да 6- раунда Геннадийдің ауыр соққысынан кейін естен танған еді. Қазақстандық боксшылардың жоғарыда атап өткен қарсыластарына қарағанда британдық Мартин Мюррей тегеуірінді, табанды боксшы екенін көрсете алған сияқты. Ол 11 раунд бойы қазақстандық боксшының ауыр соққыларына шыдаған болатын. Айтпақшы, НВО телеарнасына берген сұхбаты барысында Абель Санчес шәкіртінің қарсыласын төртінші раундта нокаутқа жіберетіндігін айтып еді.

Соңғы жаңалықтар