Головкин мен Альварес соңғы баспасөз мәслихатында көз арбасты
АСТАНА. ҚазАқпарат - В Лас-Вегаста қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль Альварестің (49-1-1, 34 КО) жекпе-жегі алдындағы соңғы баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-қа сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Головкин бұл күн «Канело» екеуіне ғана емес, бүтін бокс үшін маңызды екендігін айтып , бұл жекпе-жекті тарихи оқиға деп атады.
Альварес болса, айқас қиын болатынын мойындап, бірақ оған тас-түйін дайын отырғанын жеткізді.
Головкиннің тәлімгері Абель Санчес оның бұл айқасқа жүз пайыз дайын екендігін қадап айтты. Ал «Канелоның» бапкері Хосе Рейносо GGG-дің стилі мексикалық болғанымен, Альварестің өзі мексикалық екендігін және онда стиль де, жүрек те барын Санчестің есіне салды.
Сондай-ақ Альварестің промоутері Оскар де ла Хойя 20 жылдан кейін балаларымыз Головкин мен «Канело» туралы айтатын болады деген үмітін білдірді.
Шара соңында боксшылар «көзқарастар дуэлін» өткізді.
Еске салайық, 16 қыркүйек күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы «T-Mobile» аренада Геннадий Головкин мен Сауль Алварестің көптен күткен жекпе-жегі өтеді. Айқасты «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирден көрсетеді. Уақыт айырмашылығына байланысты трансляция 17 қыркүйек күні сағат 6:00-де басталады.