Головкин мен Альварестің жекпе-жегі трилогияға айналуы әбден мүмкін - Оскар Де Ла Хойя
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварестің промоутері Оскар Де Ла Хойя GGG-ге қарсы алдағы жекпе-жекті бір рет емес, екі рет реваншпен қайта өткізуге болатынын айтып отыр. Сөйтіп, Головкин - Альварес жекпе-жегін трилогияға дейін жалғастыруға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Трилогия ма? Әрине, оған да жеткізуге болады. «Канело» - GGG - бұл нағыз тарихи жекпе-жек. Бұл тамаша айқас болады. Қазірдің өзінде мен оны трилогия ретінде елестетіп отырмын. Ондай жекпе-жектердің жалғасын міндетті түрде өткізу керек», - деді Де Ла Хойя ESNews-қа берген сұхбатында.
Айта кетейік, Головкин мен Альварестің арасындағы келісімшартқа сәйкес, GGG ұтылса, реваншты талап ете алмайды. Алайда жеңіске жетсе, реваншқа міндетті түрде келісуі тиіс. Себебі мексикалық боксшы Сауль Альварестің ондай басымдығы бар. Головкин - Альварес жекпе-жегі 16 қыркүйекте Лас-Вегас қаласындағы «T-Mobile Arena» спорт кешенінде өтеді.
Бұған дейін америкалық бапкер Роберт Гарсия да осы жекпе-жекті трилогияға дейін апаруға болатыны жайында айтқан болатын. "Меніңше, қай боксшы жеңсе де, бұл үлкен жекпе-жек болады. Одан кейін біз екінші жекпе-жекті көре аламыз. Меніңше, мамыр айында реванш болады. Бәлкім, арғы жағы трилогияға ұласуы әбден мүмкін. Ал осы трилогиядан кейін GGG зейнетке шықса да болады. Себебі ол қыруар табысқа кенеле алады. "Канело" өз жолын жалғастырады. GGG болса, қалтасына 30 миллионды салып алып, бокспен қоштаса алады. Кім біледі, бәлкім одан да көп ақша табатын шығар", - дейді Гарсия .