Головкин мен Чавестің жекпе-жегі Калифорнияда өтуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпқой бокста әлі жеңіліп көрмеген Геннадий Головкин биыл жазда осы салмақтың бұрынғы чемпионы - кіші Хулио Сесар Чавеспен кездесуге дайын, деп хабарлайды sports.kz сайты.

Головкин мен Чавестің жекпе-жегі Калифорнияда өтуі мүмкін

Промоутерлердің айтуынша, боксшылар 12 шілде күні Калифорния штатының Инглвуд қаласында кездесу өткізуі мүмкін.

Головкиннің (29 жекпе-жек, 29 жеңіс, 26 - нокаутпен) сәуір айының соңында Энди Лимен кездесуі өтуі тиіс еді. Бірақ ол әкесінің қайтыс болуына орай одан бас тартты. Қазіргі уақыта боксшы өзінің жанұясымен бірге.

Чавес (1 жеңіліс,1 тең түсу, 48 жеңіс, 32 - нокаутпен) сенбі күні Сан-Антониода өткен өзінің соңғы жекпе-жегінде Брайан Вераны жеңген болатын. Головкиннің промоутері Том Леффлер мексикалық боксшының промоутерлерімен келіссөз жүргізгендігін айтуда.

Екі боксшы да кездесу өткізуге құлықты екендіктерін білдірді.

«Бұл жекпе-жекті Геннадий әрқашан қалайтын»,- дейді Леффлер. -Барлығы сәтті өтеді деген үміттеміз. Чавес атағы жер жарған боксшы, сондықтан екеуінің жекпе-жегі үлкен қызығушылыққа ие болады деп санаймын».