Головкин мен Гил жекпе-жегі 100 елде көрсетіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер қазақстандық боксшы мен австралиялық Дэниэл Гил арасындағы жекпе-жек бойынша айтып берді. Бұл туралы GGG ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарланды, деп жазады sports.kz.
«Билеттер өте жақсы өтіп жатыр. MSG-де осындай сатылымға көңілдері көтеріліп отыр. Осы жекпе-жек жарияланғаннан бері оларға жақсы пікірлер келіп түсуде. Бүгінде билет төменгі трибуналарға дейін сатылады және бұл тұрғыда 11 мыңға жуық билетке жетеді. Біз 26 шілдеде жанкүйерлердің қарасы қалың болатынын байқап отырмыз»,- делінген парақшада.
Бұл жекпе-жектің НВО арнасында көрсетілуі айрықша маңызды екеніне тоқталған Леффлер: «Сонымен қатар 100-ден астам ел жекпе-жекті трансляциялау құқығын сатып алды. Осы айтулы дода барша әлемге қызық болатынын білемін», - деді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жекпе-жектің өзі 26 шілдеде Нью-Йорктің Мэдисон Сквер Гарден аренасында өтеді деп жоспарланып отыр. Билет құны $25-дан $500-ға дейінгі шамада. Билеттер Мэдисон Сквер Гарден кассаларында, Ticketmaster барлық кассаларында, Ticketmaster телефоны бойынша, сондай-ақ www.ticketmaster.com және www.thegarden.com. сайттарында онлайн-сатылымда саудаланады.