Головкин-Мурата бокс кешінің алғашқы жекпе-жегі аяқталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Головкин-Мурата бокскешінің алғашқы жекпе-жегі Сюитиро Есиноның жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Головкин-Мурата бокс кешінің алғашқы жекпе-жегі аяқталды

Файткардта барлығы үш титулдық жекпе-жек жоспарланған болатын.

Бірінші жекпе-жекте жапондық боксшылар Сюитиро Есино (14-0, 11 КО) және Масаюки Ито (27-3-1, 15 КО) WBO Asia Pacific және OPBF жеңіл салмақтағы титулдарына таласты. 11 раундқа созылған айқаста Масаюки Ито бокс барысында алған жарақатына байланысты жекпе-жекті әрі қарай жалғастыра алмады.

Екінші жекпе-жекте де рингке жергілікті спортшылар шығады: Дзюнто Накатани (22-0, 17 КО) және Риота Ямаучи (8-1, 7 КО).

Ал кештің басты жекпе-жегінде қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) және жапондық Риота Мурата (16-2, 13 КО) WBA Super және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады.

Total Sport сайты бұған дейін Геннадий Головкин бұл кештегі жекпе-жек үшін 5 млн доллар көлемінде кепілдендірілген гонорар және оған қоса PPV-дің 70% үлесін алатынын жазды. Бұл шамамен 12-15 млн доллар.

Кәсіпқой бокс кешін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетуде. Трансляция Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00-де басталды. Онлайн qazaqstantv және qazsporttv.kz сайты мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы арқылы да көрсетіледі.