Головкин өз титулына үміткердің есімін білді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақтағы боксшылар рейтингінің жаңа нұсқасын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Головкин өз титулына үміткердің есімін білді

Өткен жылдың желтоқсан айында Польша спортшысы Камил Шереметаны (21-1, 5 КО) нокаутқа жіберіп, титулын сәтті қорғап шыққан қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) аталған санаттағы әлем чемпионы болып табылады.

Рейтингтің жаңартылған релизінде алғашқы екі орын бос. GGG-мен жұдырықтасқанша тізімде үшінші орында болған Шеремета оныншы орынға сырғыды, ал оның орнын Германия өкілі Патрик Войцицки (14-0-1, 5 КО) басқан. Головкиннің болуы мүмкін қарсыласы, мексикалық Хайме Мунгия (36-0, 29 КО) тізімде содан кейін тұр.

Атап өтейік, IBF әзірге Головкин мен Войницкидің жекпе-жегін ресми түрде белгілеген жоқ.

IBF-тің орта салмақтағы ТОП-15 рейтингінде сондай-ақ Қазақстанның тағы үш өкілі мен бір тумасы бар: Мейірім Нұрсұлтанов (14-0, 8 КО) – 9-шы орын, Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО) – 11-ші орын, ал Германия үшін рингке шығып жүрген Анатолий Мұратов (22-2-1, 15 КО) – 13-ші және Қанат Ислам (27-0, 21 КО) — 14-ші орын.