Головкин реванш туралы айтса, жеңісіне сенімді болғаны - АҚШ журналистері

АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мексикалық боксшы Сауль Альвареске қарсы жекпе-жектен кейін реванштың болатынын айтып қалды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Головкин реванш туралы айтса, жеңісіне сенімді болғаны - АҚШ журналистері

"Бұл жекпе-жек драмаға толы болады. Қазіргі кезде ол кәсіби бокстағы ең үлкен жекпе-жек болып саналады. Бәлкім, соған жақын болады. Егер бірінші жекпе-жегіміз ең үлкен айқасқа жақын болса, онда екіншісі одан да үлкен, одан да маңызды болады. "Канело" екеуіміздің стилі бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан фанаттарды үлкен сый күтіп тұр", - деді Головкин Ring TV арнасына берген сұxбатында.

Осы орайда АҚШ журналистері "Геннадий Головкиннің өз жеңісіне алдын ала болжам жасап жатыр" деген ойдың ұшын шығарды. Себебі Головкин мен Альварес арасындағы келісімшартқа сәйкес, реваншты алу құқығы тек мексикалық боксшыға ғана беріліп отыр. Бұл дегеніміз, "Канело" ұтылса, реваншты талап ете алады. Головкин оған келісуге міндет. Ал GGG-дің өзі ұтылса, реваншты талап ете алмайды. Ондайда Альварес шешімді өзі қабылдайды.

Айта кетейік, бұған дейін мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварестің промоутері Оскар Де Ла Хойя да GGG-ге қарсы алдағы жекпе-жекті бір рет емес, екі рет реваншпен қайта өткізуге болатынын айтқан.

Ал америкалық бапкер Роберт Гарсияның айтуынша, Головкин-Альварес трилогиясынан кейін GGG қыруар табыспен зейнетке шықса да болады .