Головкин Роллспен жекпе-жегі алдында баспасөз мәслихатын өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) канадалық Стив Роллспен (19-0, 10 КО) жекпе-жегі алдында баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

«Madison Square Garden»-ге қайта оралғаныма қуаныштымын. Бұл үшін тағы бір мүмкіндіктің туғанына қуаныштымын. Бұл мен үшін ғана емес, барлық бокс үшін тамаша жағдай. Жанкүйерлеріме өз тәжірибемді көрсетемін. Дұрыс айтасыздар, көп уақыт рингтен қалыс қалдым. Бірақ мен анағұрлым мықты, анағұрлық ақылды болып оралдым! Баршаңызға алғыс айтқым келеді, DAZN - мен үшін үлкен келісімшарт. Жанымда сенімді адамдардың барын сезіну керемет. Роллс - мықты боксшы, бұл қауіпті спорт. Сенбі күні бұл нағыз айқас, жаңа шоу болады!», - деді Головкин.

Еске салайық, Головкин-Роллс жекпе-жегі 8 маусым күні Нью-Йорк қаласындағы «Madison Square Garden» аренасында өтеді. Кездесу аралық салмақ - 164 фунтта өтеді. Геннадий үшін бұл кездесу екі себеппен ерекше болмақ. Біріншіден, жаңа бапкері Джонатан Бэенкспен алғашқы айқасы. Екіншіден, жуырда тиімді келісімшартқа қол қойған DAZN стримингілік платформасындағы тұңғыш жекпе-жегі.

Бұған дейін боксшылар Нью-Йорк көшесінде көз арбасу рәсімін өткізді. Сондай-ақ GGG болашақтағы жоспарымен бөліскен болатын.

Бокс кешін қазақстандықтар «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирден көре алады. Басталуы - 9 маусым, Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен таңғы сағат 06:00.

Айта кетейік, кештің андеркардында қазақстандықтар Әли Ахмедов америкалық Маркус МакДэниэлмен (15-0, 2КО), Бахтияр Эюбов АҚШ-тың тағы бір өкілі Брайан Себальомен (8-0, 4КО) кездеседі.

Ә.Ахмедов WBC титулы үшін сынға түседі.

«Qazsport» арнасының директоры Павел Цыбулиннің айтуынша, қазақстандық өзге екі боксшының айқасы эфирге нешеде шығатыны әзірге белгісіз. «Ол тек 8 маусым күні анық болады. Алдын ала мәліметтер бойынша, олар Генаның жекпе-жегі алдында бірінен кейін бірі айқасатын болады. Ал Головкин эфирге таңғы 9:00 және 9:30 аралығында шығатынын нақты айта аламыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар