«Головкин-Уэйд» жекпе-жегіне Қайрат Нұртас пен МузАРТ тобының болжамы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкин мен Доминик Уэйд арасындағы жекпе-жегі қарсаңында «Қазақстан» ТРК аты шулы жұлдыздар мен спортшылардың ең қызықты комментарийлерін іріктеді.

«Головкин-Уэйд» жекпе-жегіне Қайрат Нұртас пен МузАРТ тобының болжамы

«Алдағы күресті қазақстандықтардың басым бөлігі сияқты үйде көретін шығармын. Екі ойлымын. Генаның жеңіске жетуіне сенсем де, аздап қобалжығаным да жоқ емес. Әрине, қазіргі уақытта Генаға сай келетін бәсекелес жоқ. Үшінші раундта Гена Уэйдті нокаутқа жібереді деген ойдамын. Бірақ, Уэйдтің жетінші раундқа дейін тірі қалғанын қалаймын. Қалай боларын көре жатармыз», - деп ойымен бөлісті Қайрат Нұртас.

«МузАРТ»: «Гастрольде болсақ та, Генаның жекпе-жектерін жіберіп алмауға тырысамыз. Соңғы кездері тіптен уайымдамаймыз да, себебі кез келген қарсыласын жеңеді деген сенімдеміз. Бұдан да асқан қызықты сәттердің куәгері болғымыз келеді. Уэйд жекпе-жек барысында біраз болса да Головкинге қиындықтар туғызып, өзін жақсы көрсетеді деген ойдамыз. Гена барша қазақстандықтардың жүрегін жаулап алды және оның жеңісін сөзсіз күтеміз».

Басқа да қазақстандық шоу-бизнес өкілдері қандай пікірде?

Маржан Арапбаева: «Біз барлық отбасымызбен Генаны қолдаймыз және осы жолы да жеңетініне күмән келтірмейміз. Біз оған сенеміз және оны қолдаймыз. Гена сияқты спортшымыздың бар екенін мақтан тұтамын. Біз, қазақстандық эстраданың өкілдері қашан да Генамен біргеміз. Айтарым, Гена, осы жеңістеріңмен тоқтап қалма, тек қана алға!».

Айқын Төлепберген: «Мен Головкиннің жекпе-жегін міндетті түрде көремін. Жексенбі күні сол үшін ерте тұрып, ұйқымды қиюға әзірмін. Мен оның жеңісіне сенемін. Әлемнің ең мықты боксшысы екенін дәлелдей алды. Генаның әрбір соққысы біз үшін маңызды. Оған тек қана жеңіс тілеймін!».

Әрине, қазақстандықтардың басым бөлігі аталмыш жекпе-жекті отбасыларымен бірге «Қазақстан» телеарнасынан көруді жоспарлап отыр. Головкиннің жекпе-жегін отбасымен бірге жиналып қарау дәстүрге айналып барады десек артық болмайды. Біз отандасымызды қолдап қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін тәрбиелеудеміз.

Қазақстан халқы Генаның жекпе-жегін отбасыларымен бірге үйде тамашалауды жоспарласа, танымал спортшы Айдар Махметов қазіргі уақытта Әбу-Дабида өтіп жатқан джиу-джитсу бойынша әлем чемпионатында қола медальді иеленді. Өзінің айтуынша, Генаның күресін тыс қалдырмайды және интернеттегі kaztrk.kz сайтынан тамашалайтын болады.

Айдар Махметов: «Бұл жекпе-жектен Гена өзінің қарсыласын кезекті нокаутқа жібереді деген ойдамын. Оның үстіне қарсыласы аса қиындық та туғызбас. Қарсыласының жас, әрі өршіл екеніне қарамастан, Гена үшін аса қауіпті емес. Менің пайымдауымша, жекпе-жек 6-раундтың бірінші жартысында нокаудпен аяқталады».

Сондай-ақ, өзінің болжамдарымен қазақстандық таэквондошы Арман Чильманов пен Қазақстанның ММА федерациясының президенті Анатолий Ким де бөлісті. Олар бұл жекпе-жекті достарыммен тамашалайтын болады. Олар да Генаның жеңісін күтеді және оған сөзсіз сенеді.

Естеріңізге сала кетейік, Головкин мен Уэйдтің жекпе-жегін 24 сәуір күні Астана уақыты бойынша сағат 07:00-де «Қазақстан» телеарнасынан және kaztrk.kz сайтынан тамашалай аласыздар. Сонымен қатар, жанкүйерлер үшін «Қазмедиа орталығында» арнайы трансляция ұйымдастыралатын болады.