Головкинді нокаутқа жібереміз - «Канелоның» промоутері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексикалық боксшы Сауль Альварестің промоутері Оскар де ла Хойя Геннадий Головкинге қарсы үшінші жекпе-жек туралы жаңа мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Де ла Хойяның тағы бір клиенті - Хайме Мунги бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы титулын сәтті қорғап шыққаннан кейін тілшілер промоутерден «Канело» - GGG ықтимал трилогиясы жөнінде сұрады.
«Сіздерді сендіріп айтамын, үшінші жекпе-жек болады. Бұл жолы «Канело» оны нокаутқа жібереді», - деді Оскар де ла Хойя Houston Chronicle Online Sports журналисіне берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың қыркүйегінде өткен алғашқы жекпе-жек даулы тең нәтижемен аяқталған еді. Араға тура бір жыл салып өткізілген рематчта төрешілер жеңісті «Канелоға» берді.