Головкинге Альваресті нокаутпен жеңген тиімді ме
АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегі 5 мамырда өтеді. Бүгінде екінші айқастың нәтижесіне қатысты сан алуан болжамдар айтылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Boxingnews24.com сайтының сарапшысы Тим Ройнердің ойынша, осы жекпе-жектен кейін тағы бір айқасты ұйымдастыруға әбден болады. Екі боксшы қайтадан қыруар пайда таба алады. «Алайда осы жолы Головкин «Канелоны» ауыр нокаутқа түсірсе, үшінші жекпе-жек өтпеуі де мүмкін. Golden Boy Promotions тәуекелге бармай, өз боксшысын сақтап қалуға тырысады. Сол себепті басқа қарсыластарды іздейді. Ал GGG нокаутқа түсіп қалса, онда ол «Канелоға» қарсы тағы бір жекпе-жек - үшінші айқасты өткізуге тырысады», - деп жазды Т.Ройнер.
Оның сөзіне қарағанда, Головкин мен Альварестің жекпе-жегі трилогияға ұласса, орта салмақтағы WBO чемпионы Билли Джо Сондерстің күтуден басқа амалы қалмайды. «Егер Альварес Головкинді жеңсе, қыркүйекте үшінші кездесудің өтуі әбден мүмкін. Ал Головкин ұтса, Альварестің беделі түспейді. Себебі GGG - орта салмақ дәрежесіндегі ең мықты боксшы. Бұл Дэниэл Джейкобс, Джермалл Чарло, Деметриус Андраде немесе Сергей Деревянченкодан ұтылғаннан әлдеқайда жақсы», - деп атап көрсетті Т.Ройнер.