Головкинге жақсы ұсыныстар түсіп жатыр - Том Леффлер
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер оған мексикалық Сауль Альварестің промоутері Оскар де ла Хойяның хабарласып, айқас ұсынғанын айтты, деп хабарлайды Sports.kz.
«Давид Лемье сәтсіз арықтады. Егер Лемье кештің басты оқиғасында айқасатын болса, оларға кейін тағы айқас ұйымдастырады. Golden Boy мен DAZN бұл идеяны белсенді түрде қолдады. Бірақ, маған кенеттен Эрик Гомес хабарласып, «GGG «Канеломен» мамырда айқасқысы келе ме?» деп сұрады. Мен оған әзірге Головкиннің не істейтінін жоспарламағанын айттым. Себебі, ол алдымен телеарна бойынша мәселені шешіп, содан кейін ғана кіммен айқасатынын нақтылауы керек. Геннадий өз қалпында, ол өз тағдырын бақылауда ұстап отыр. Оған жасалған жақсы ұсыныстар бар», - деді Леффлер.
Головкин рингке көктемде - сәуірде немесе мамырда оралуы мүмкін, алайда оның қарсыласы әзірге белгісіз.