Головкиннің Астанадағы айқасын қазақстандық тарап әлі шешпеді - GGG командасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) командасының өкілі Жанар Өтешева британдық Билли Джо Сондерспен (24-0, 12 КО) болуы ықтимал жекпе-жек туралы айтып берді, деп жазды Sports.kz The Steppe сайтына сілтеме жасап.

Головкиннің Астанадағы айқасын қазақстандық тарап әлі шешпеді - GGG командасы

«Бүгінде Астана жай ғана кезекті бокс кешінің емес, анағұрлым ірі ауқымдағы және жоғары деңгейдегі шараның иесі болуы мүмкін. Бұл тарихи кезең. Ықтимал кездесуді әлемдік бокс жылнамасына қазірдің өзінде жазып қоюға болады, себебі соңғы 10 жылда алғаш рет (!) абсолютті әлем чемпионы атағы үшін біріктірілген жекпе-жек өткелі отыр. Геннадий Головкинге арманына қол жеткізуге бір-ақ қадам қалды және бұл қадамды біздің чемпион өз елінде, өз отандастарының алдында жасағысы келеді.

Жаңалықтар әзірге қаңқу сөздерге толы. Елімізде өтетін айқастың тағдыры және датасы әлі шешілген жоқ. Және осыған қатысты үшінші адамдардың барлық мәлімдемелері - Головкиннің есімі арқылы өздерін жарнамалау ғана.   GGG командасы қолынан келгеннің барлығын жасады. Бірақ бокс кешін өткізу мәселесі әлі де шешілмеді және ол негізінен, қазақстандық тараптан ұйымдастырушылық жағдайларға байланысты болып отыр», - деді Өтешева.

Головкин - Сондерс жекпе-жегі маусым айында, Астанадағы EXPO халықаралық көрмесі аясында өтетіні күтілуде .

Айта кетейік, аталмыш көрме аясында сондай-ақ қазақстандық өзге кәсіпқой боксшылар Қанат Ислам мен Жанқош Тұраровтың айқастары өтетіні жоспарланған. WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионыБейбіт Шүменов те бұл бокс кешінде жұдырықтасуға дайын екенін жеткізген еді.