Головкиннің айқасын көруге билет сатқан Қарағандының Бокс орталығы ақшаны қайтаруда
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұған дейін, 17 қыркүйек күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін Головкин-Альварес айқасы С. Сәпиев атындағы Бокс орталығында көрсетілетіндігі және оған кіру ақылы болатындығы хабарланған еді . Билеттер құны 500 бен 3 000 теңге аралығында белгіленген-ді.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, билет сатып алғандардың барлығына ақшалары қайтарылып, Бокс орталығында жекпе-жек тегін көрсетілетін болады. «Мұндай шешім Қарағанды қаласының Ішкі істер басқармасына «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан шағым түскен соң қабылданды. Себебі жекпе-жекті ақылы түрде көрсетуге тек олардың ғана құқы бар», - деп атап өтті баспасөз қызметінен.
Еске салайық, қарағандылықтар өз жерлестерінің жекпе-жегін қаланың әр жерінде орнатылған үлкен LED-экрандардан тамашалай алады. Тікелей трансляциялар үш жерде - Кеншілер мәдениет сарайының алдындағы алаңда, Жаңа Майқұдық шағынауданындағы Мәдениет үйінің алдында және Достық үйінің алдында ұйымдастырылады.