Головкиннің DAZN-мен шартты қандай жағдайда ұзарта алатыны белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Boxingnews24.com сайтының журналисі Барри Холбрук IBF және IBO бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин қолданыстағы шарт мерзімі аяқталғаннан кейін DAZN стримингтік сервисімен ынтымақтастықты ұзарта алады деп санайды.

Головкиннің DAZN-мен шартты қандай жағдайда ұзарта алатыны белгілі болды

Бұл туралы ҚазАқпарат Sports.kz- ке сілтеме жасап хабарлайды.

2019 жылы GGG жалпы сыйақы мөлшері 100 миллион доллар болатын алты жекпе-жек шартына қол қойған еді. Келісім аясында Геннадий әзірге екі жекпе-жек өткізді: Стив Роллсты нокаутқа түсірді және Сергей Деревянченконы жеңді. 18 желтоқсанда қазақстандық кәсіпқой боксшы Польшадан шыққан Камил Шереметамен жекпе-жекке шығады.

«Головкиннің DAZN-дағы алдыңғы жекпе-жектері Роллс пен Деревянченкомен өтті. Бұл жекпе-жектердің ауқымы айтарлықтай кең болған жоқ. Сондықтан стриминг басқармасы бұл кездесулер туралы қандай ойда болды деген сұрақ туындайды. Егер Головкин DAZN-мен шарт бойынша қалған төрт жекпе-жегін жеңіліссіз аяқтаса, платформа онымен тағы бір қысқа мерзімді келісімге қол қоюы мүмкін. Бұл жағдайда DAZN онымен тағы екі-үш жекпе-жек бойынша келісімге қол қояды деп күтуге болады», – делінген мақалада.