Головкиннің IBF титулына кімдер үміткер бола алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Boxingnews24.com сайтының шолушысы Дэн Эмброуз Геннадий Головкин IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан айырылса, бұл титулды кім иеленетінін айтты, деп хабарлайды Sports.kz.
Бүгін GGG промоутері Том Леффлер IBF-пен титулды міндетті қорғауды кейінге қалдыру туралы келіссөздер жүргізеді. Егер ұйым қазақстандықтың ұсынысын қабылдамай, 3 тамызға дейін Деревянченкомен айқаспаса, ұйым оны өз титулынан айырады.
«Егер IBF белбеуін Головкиннен алып қойса немесе ол оны босатса, Деревянченко рейтингі жоғары үміткермен кездеседі. Ол IBF-тің ТОП-15-інде төртінші нөмірлі Деметриус Эндрейд (25-0, 16 KO) болуы мүмкін. Олардың жекпе-жегі қызықты болар еді. Бұл жекпе-жекте жеңімпазды болжау қиын, себебі екеуі де Олимпиадада өнер көрсеткен және бокстаса алады», - деп атап өтті автор.