Головкиннің промоутері «Канеломен» үшінші жекпе-жектің келіссөздері туралы айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34 КО) промоутері Том Леффлер оның мексикалық Сауль Альвареспен (50-1-2, 34 КО) өткізуі мүмкін үшінші жекпе-жегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.
«Біз Головкинге өз титулдары үшін күресу мүмкіндігін беруді сұраймыз, біздіңше, бұл дұрыс. Шын мәнінде, бұл екі боксшы үшін де ең үлкен жекпе-жек. Мен Эрик Гомеспен бірнеше рет сөйлестім. Олар да бұған мүдделі деп ойлаймын, өйткені бұл тек Головкин үшін ғана емес, «Канело» үшін де ең көп гонорар алуға мүмкіндік. Олар тек үздік боксшы ғана емес, сонымен қатар билеттері ең көп сатылатындар да осылар. Сондықтан олар («Канелоның» командасы - Ред.) үшінші жекпе-жекке қарсы емес. Барлығы да уақыттың еншісінде. Екі боксшы да демалыста жүргенде көп шаруаны тындыруға болады. Бұл айқастың мәні бар, оны фанаттар көргісі келеді», - деді Леффлер.