Головкиннің промоутері тағы бір қарсыластың атын атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA және IBO нұсқалары бойынша орта салмақта бокстан әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер мексикалық Хулио Сезар кіші-Чавеспен жекпе-жектен соң американдық Келли Павликпен арада тартысты кездесуді ұйымдастыру өте орынды болатынын мәлім етті.
Бұл туралы Vesti.kz жазды.
Атап айтқанда, WBC және WBO нұсқалары бойынша орта салмақта экс-чемпион Келли Павлик Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы Геннадий Головкинмен жекпе-жектің болуы мүмкіндігі жайында өзінің оқырмандарымен пікір алмасқан екен.
«The Sweet Science» журналистерінің бірі Том Леффлерге осы тақырыпта сауал қойды.
«Қазіргі кезде Головкин мен Чавес арасындағы жекпе-жек бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Осыдан кейін Павликпен қолғап түйістірсе, өте орынды болар еді»,-деді Головкиннің промоутері.
Басылымның жазуынша, 32 жасар американдық боксшының соңғы жекпе-жегі 2012 жылдың жазында өткен болатын. Ал денсаулығына байланысты спорттық мансабын аяқтайтындығы жайын ол 2013 жылдың қаңтарында мәлімдеген еді.