Головкиннің промоутері үшінші жекпе-жегінің мерзімін жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің (35-0, 32 КО) промоутері Том Леффлер 2016 жылдағы үшінші кездесудің мерзімін жариялады. Бұл туралы BoxingScene.com хабарлады.
Биылғы жылдың алғашқы кездесуінде Головкин американдық Доминик Уэйдті екінші раундта жеңген болатын. Бұл американдық спортшының спорттағы алғашқы жеңілісі. Екінші кездесуін ол 10 қыркүйек күні Лондондағы 20 мың адам сиятын O2 аренасында өткізбек. Оның кезекті қарсыласы - жартылай ортша асалмақтағы IBF чемпионы британдық Келл Брук (36-0, 25 КО).
Леффлердің айтуынша, ол Головкинге ағымдағы жылдағы үшінші кездесудің мерзімін анықтап қойған. «Егер Брукпен барлығы ойдағыдай өтсе, біз қараша-желтоқсан айларында келесі мерзімді іздейтін боламыз. Головкин - бокстағы ең белсенді әлем чемпионы. Ол 22 нокауттан құралған серияны еншілеген жалғыз чемпион. Алдыға қарау - ол менің жұмысым», - дейді ол.