Головкиннің ықтимал қарсыластары Сондерс пен Хурцидзенің жекпе-жегі өтпейтін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грузия боксшысы Автандил Хурцидзе (33-2-2, 21 КО) Нью-Йоркте тұтқынға алынуына байланысты Билли Джон Сондерске қарсы жекпе-жекке қатыса алмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Еске салайық, 8 шілде күні Лондонда Автандил Хурцидзе WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Билли Джо Сондерспен жекпе-жек өткізуі тиіс еді.
Бірақ Вehindthegloves.com сайтының жазуынша, аталмыш кездесу Хурцидзенің тұтқындалуына байланысты өтпейтін болды.
«Бүгін бізге Билли Джо Сондерстің қарсыласы Автандил Хурцидзе Нью-Йоркте тұтқындалғаны туралы хабарланды. Сондықтан жекпе-жек жоспарланған уақытта - 8 шілде күні Лондонда өтпейді», - деп мәлім етті Сондерстің промоутері Уоррен.
Автандил Хурцидзе мен оның отандасы және UFC жекпе-жекшісі Леван Макашвили бұрыңғы КСРО елдерінің өзге 33 азаматтары секілді Нью-Йоркте тұтқынға алынды. Оларға криминалдық синдикатқа қатысы бар деген күдік келтірілуде.