Головкиннің жаттықтырушысы «Канело» дауына қатысты пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (38-0-1, 34 КО) жаттықтырушысы Абель Санчес мексикалық Сауль Альварестің (49-1-2, 34 КО) спорттан шеттетілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.
Санчес АҚШ-тың Невада штаты Атлетикалық комиссиясының тәртібімен боксшылардың жағдайлары спорттан шеттетілген кезең ішінде неге қадағаланбайтындығы туралы айтты.
«Мен осымен келіспеймін, бұл туралы ереже де жоқ. Жалпы айтқанда дисквалификацияланғаннан бастап спортқа оралуына дейінгі кезеңде олар бақылауды жоғалтады. Бұл дегеніңіз «Канело» тарабы аталған кезең ішінде комиссия алдында міндетті тестілеуден өтпейді деген сөз. Мен бұл сұрақты қайта-қайта көтеріп жүрмін. Бірақ оған ешкім жауап бергісі келмейді», - деді Санчес.
Еске сала кетейік, Канелоның» допинг сынамасынан тыйым салынған заттың табылуына байланысты Геннадий Головкин пікір білдіріп, Сауль Альварес шынайы жүзін көрсетті деген болатын.
АҚШ-тың Невада штаты Атлетикалық комиссиясының шешімімен мексикалық боксшы Сауль Альварес допинг қолданғаны үшін алты айға спорттан шеттетілді.