Гондурас 20 мың орынды түрме салуды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM - Гондурас президенті 20 000 орынды жаңа «мега-түрме» салынатынын хабарлады. Бұл шара – үкіметтің бандалық зорлық-зомбылықпен күресудің және көптен бері талқыланып келген түрме жүйесін қайта құрудың бір бағыты.

түрме
Фото: Pexels

Президент Ксиомара Кастро сенбі күні таңертең ұлттық теледидар арқылы сөйлеген сөзінде төтенше шаралар тізімін жариялады.

Онда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте Қарулы Күштердің рөлін күшейту, есірткі тасымалдаушылармен күресу мерзімдерін реттеу жұмыстары айтылды.

Кастроның «мега-түрме» салу жөніндегі идеясы көрші Сальвадордағы президент Наиб Букеленің әрекетіне жауап сияқты қабылданып жатыр.

Айта кетейік, Сальвадорда Латын Америкасындағы ең үлкен түрме салынған болатын. Оған 40 000 қылмыскерді қамауға болады.

Кастро өз сөзінде Гондурастың қауіпсіздік күштері елдің барлық аймағында белең алған топтық зорлық-зомбылық, есірткі саудасы, ақшаны жылыстату және басқа да қылмыстарды азайтуға барынша күш салу керек екенін атап өтті.

Осылайша Оланчо ауылдық провинциясының маңында салынатын түрмеге ең қауіпті саналатын 20 мың қылмыскерді тоғыту көзделіп отыр.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Гондурастағы әйелдер түрмесінде болған тәртіпсіздіктер салдарынан 41 адам қаза тапқанын жазған едік.

Ал Гондурастың бұрынғы президенті Хуан Орландо Эрнандес Нью-Йоркте есірткі сатушылармен сөз байласқаны үшін кінәлі деп танылған еді.